№2 қалалық соты полицейге ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-тармағының 2-тармақшасы («Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам жасаған алаяқтық») бойынша үкім шығарды.
Іс материалдарына сүйенсек, Атырау қалалық ІІБ жол-патрульдік полициясының аға сержанты шағын жол-көлік апаты болған жерге келген. Оған қатысушылардың бірі – «Мерседес» жүргізушісі оқиға орнынан ғайып болады. Полицей оның үйіне барады, бірақ көлік иесі үйінде болмаған. Сол кезде ол машинаның артқы мемлекеттік тіркеу белгісін түсіріп алып, өзінің құзырында еместігін көрінеу біле тұрса да, әкімшілік өндірісті тоқтату үшін жүргізушіден 30 мың теңге талап ете бастайды. Сержант ақша алу кезінде ұсталды.
№2 соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, ол кінәсін мойындау туралы іс жүргізу келісімін жасап, ғұмыр бойына мемлекеттік қызметте жұмыс жасау құқығынан айырумен қатар 3,5 жылға бостандығын шектеу жазасын алды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА