Атырау, 20 қыркүйек 01:29
 ашықВ Атырау +20
$ 425.30
€ 501.05
₽ 5.85

Жоғалған қыздың үйіне бара жатқанын көрген

Сурет
7 621 просмотра


14 маусым күні Бесікті ауылында жоғалып кеткен 8 жасар Айкөркемді полицейлер, сүңгуірлер және ауыл тұрғындары іздестіруде. Еске салайық, сол күні сағат 17.00 шамасында ол Бесікті орта мектебі жанындағы лагерьден шығып, үйіне бағыт алған. «АЖ» тілшісі оқиға орнында болып қайтты.    

Айкөркемнің тәрбиешісі Сағадат МОЛДАҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, лагерьден тараған Айкөркемнің үйіне барғанын көршілер де көрген:

- Ата-анасы қалада жұмыс жасайды екен, үйіне келгеннен кейін кешкі асқа іздеген. Бірақ, еш жерден таппаған, содан кейін полицияға хабарлаған. Бізге жоғалып кеткені туралы кешкі 21.00 шамасында хабар жеткенде, бүкіл ауыл болып оны таңға дейін іздедік.

Сөзге лагерьдің тағы бір тәрбиешісі Лида КӨШЕНОВА араласты:

- Былай қарағанда, бала лагерьден шығып, үйіне барып, кейін қайта шыққан. Біз жауапкершіліктен қашқақтап тұрған жоқпыз, бірақ бұл жерде тәрбиешілердің кінәсі жоқ сияқты. Біз бірінші күні-ақ балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндірдік.

Бесікті орта мектебі жанындағы лагерьдің басшысы Гүлайым ШОҚАНОВА 1 және 4-сынып оқушыларына арналған мектеп жанындағы лагерьдің екінші кезеңі сол күні басталғанын айтты. 14 маусым Айкөркемнің лагерьдегі алғашқы күні болатын.  

- Айкөркем лагерьде өзін жақсы ұстады. Балалармен ойнады. Жалпы, лагерь таңертеңгі 08.30-дан кешкі 17.30- ға дейін жұмыс жасайды. 17.00 мен 17.30 аралығында балалар жинақталып, үйлеріне тарай бастайды. Тәрбиешілер бір көшеде тұратын балаларды бір-біріне тапсырып, ертіп жібереді. Айкөркем қарсы көшеде тұратын қызбен кетіп бара жатқанда, қасындағы қыздың әжесі кездесіп, Айкөркемнен «Өзің барасың ба?» деп сұраған. Ол үйіне 17.30-да келген, бірақ, үйінде ешкім болмаған көрінеді.

Ауыл Жайықтан бір шақырымға да жетпейтін жерде орналасқан. Жағада адам көп, полицейлер де, ауыл тұрғындары да.

- Алып-қашпа әңгіме тарап жатыр ғой. Біз ештеңе дей алмаймыз. Кұзырлы органдар тексеру жүргізіп жатыр. Барлық көршілер табылса деп тілеп отыр, - деп, қысқа қайырды тұрғындар.


Полицейлерден бір нәрсе білу мүмкін болмады: олардың біреуі өзін Артур ЕРБӨЛЕКОВ деп таныстырып, бұл жерде тергеп-тексеру шаралары жүргізіліп жатқанын айтты. Жағадағы учаске лентамен қоршалған, сол себепті бұл жерден біздің кетуімізді өтінді. Жағаның басқа бетінде тағы да бірнеше жиналған адамдар мен  құтқарушылардың қайықтары көрінеді.

Кішкентай Айкөркемнің жоғалғаны туралы алып-қашпа әңгімелер мен әртүрлі жорамалдар жүріп жатыр. Бірақ, біз де БАҚ-дағы басқа әріптестеріміз секілді құқыққорғау құрылымдарынан ресми хабарлама күтіп отырмыз.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА

Суреттерді түсірген автор

16 маусым 2017, 16:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.