Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Қабижан ҚАПАНОВ брифинг өткізді (суретте).
«АЖ» қойған сауалдарына жауап алды.
- 30 мамырда ТШО зауытындағы күкіртсутек шығарындысының зияны анықталды ма?
- Бүгінде нақты сома анықталған жоқ. Тексеру жұмыстары жалғасуда, жаңа мәліметтер келіп түсуде. Зиян көлемі көбею жағына қарай екі рет өзгерді. Ірі компаниялардың заң қызметтері өте дамыған, біздің қателесуге құқығымыз жоқ. Бүкіл айыппұлдарды, зиян көлемін Энергетика министрлігі мақұлдауы тиіс. Осы аптада министрлікте 30 мамырдағы факт бойынша кеңес өтпек.
- Ең болмаса қандай сома туралы айтылып отырғанын шамамен атасаңыз.
- Шамамен жарты миллиардтай теңге.
- ҚР үкіметінің 2007 жылғы 27 маусымындағы қаулысы бойынша экологиялық зиян ластаушы заттың бір шартты тоннасына 52 АЕК есебімен есептелді. Алайда, 2016 жылдың 21 маусымында өзгеріс енгізілді. Енді шығарынды тоннасы тек 2,2 АЕК «тұрады». Биылғы жылдың басында ТШО-ға ірі айыппұл салынды, бұл айыппұл үкіметтің ескі ме, әлде жаңа қаулысы бойынша есептелді ме?
- Айқындап кетейін: бұрын алауларда газ өртегені үшін 52 АЕК болды, ал 2,2 АЕК – стационарлық көздерден – қазандардан, жылыту пештерінен және т.б. тасталған шығарындылар үшін. Енді, өкінішке орай, бүкіл көздерден тасталған шығарынды үшін 2,2 АЕК болды. Нәтижесінде алауларда газ жаққаны үшін зиян сомасы 23,6 есеге төмендеді. ТШО-дағы ірі айыппұлға келсек, оған 4,8 миллиард теңге айыппұл ескі қаулы бойынша салынды. Өткен жыл үшін жер қойнауын пайдаланушыдан өндірілген жалпы 19,5 миллиард теңге сома да солай. Бүкіл заң бұзушылықтар үкіметтің жаңа қаулысы шыққанға дейін жасалды.
- Мамырдағы шығарынды бойынша зиян есептеудің жаңа формуласы қолданыла ма?
- Иә. Мен атаған 500 миллион соманың жартысынан азы зиянды құрайды, қалғандары – заң бұзушылыққа жол бергені үшін айыппұл.
- Редакцияға Теңізде алауларда газ өртеу жалғасып жатыр деген сигнал түсті. Осы рас па?
- Бізде мұндай ақпарат жоқ. Білесіз бе, біз кешенді емес, жоспардан тыс тақырыптық тексереміз. Сондықтан, біз ТШО-ның басқа нысандарын тексере алмаймыз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор