Аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының 14 қызметкері аттестаттаудан өте алмай қалып, оларды жұмыстан шығару ұсынылды. Бұл туралы ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Тоқтамыс ЖҰМАҒҰЛОВ Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Ол жақында «Б» корпусының мемлекеттік қызметкерлерін кешенді аттестаттау қорытындылары туралы әңгімеледі. 2215 қызметкер сұхбаттасудан өтті, оның 1122-сі жергілікті бюджет қаржыландыратын мемлекеттік органдарда жұмыс жасайды. Сұхбаттасу қорытындысы бойынша аттестациялық комиссия 1021 «жергілікті» мемлекеттік қызметкер лауазымына сай жұмыс жасауда, 67-сі одан да жоғары позицияда жұмыс істей алады, 32-сі сай емес және төмендетілу ұсынылады, 2-уін жұмыстан шығару керек деген шешім қабылдады.
Республикалық бюджеттен қаржыландырылатын 1093 мемлекеттік қызметкердің 976-сі өз орындарында қалады, 69-ын жоғарылату, 34-ін – төмендету, 14-ін (барлығы – орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының жетекші және бас мамандары) жұмыстан босату ұсынылған. Олардың екеуі комиссияның қорытындысымен келіспеушілік білдірген. Енді басшылық аттестаттаудан өтпеген қызметкерлерді жұмыстан шығаруға міндетті ме, әлде бұл оның қарауына қала ма?
- Қазіргі уақытта келіспеуші екі қызметкердің хаты тексерілуде. Бірақ жалпы инспекцияның қызметі көптеген кейістік туғызады. Мұқият талдау жүргізіледі. Жұмыстан шығару бойынша – бұл жайт тікелей құжат түрінде айтылмаған. Бірақ мемлекеттік қызмет туралы заңда қызметкерлерді жұмыстан шығаруға негіз болатын толық тізім бар. Соның ішінде, аттестаттаудың теріс нәтижелері де негіз деп көрсетілген, - дейді Т.Жұмағұлов.
Әрі қарай журналистердің басқа сұрақтарына жауап бере отырып, ол бұдан бұрын аттестаттаудың 3 жылда бір рет өткізіліп тұрғанын, ал 2016 жылдың басынан бері елбасының бастамасымен өткізіліп келе жатқанын айтты. Заңнамаға сәйкес, аттестаттаудан кейін жұмыстан шығарылған мемлекеттік қызметкер келесі күні-ақ кез-келген лауазымға үміткер бола алады. Мейлі, ол өзі кеткен лауазымнан жоғары болса да, бірақ басқа жұмыс болу керек. Журналистерді қызықтырған тағы бір жайт - лауазымды көтеру немесе төмендету жөніндегі комиссия ұсынысы орындалуға міндетті ме? Тәжірибе жүзінде, бұл орындар болмағандықтан оңай емес екен. Егер жыл ішінде бос орындар пайда болмаса, бұл мәселе жабылады.
Брифинг болып жатқанда «АЖ» редакциясына журналистермен кездесу кезінде айтылмаған бейресми ақпарат келіп түсті. Жақында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі (қысқаша – балық қорғау) инспекциясының қызметіне тексеру жүргізу нәтижелері бойынша прокуратура мен мемлекеттік қызметтер органдары Ауыл шаруашылығы министрлігіне инспекцияның сол кездегі басшысы Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВТЫҢ кандидатурасының лауазымына сай екендігін қарауды ұсынған. Анықталған заң бұзушылықтардың көптігі сондай, ол Астанаға шақыртуды күтпестен, өз басшылығына өз қалауы бойынша жұмыстан кету туралы арыз жіберген. Біраз уақыттан кейін, бұдан бұрын хабарланғандай, көрші Оралдағы сот сараптама институтының директоры орындығына ойдағыдай жайғасты.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор