Зираттарға қатысты мәселелер облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВТЫҢ қатысуымен Атырау облысының Қоғамдық кеңесі отырысында талқыланды.
ЗИРАТТАР ҮЙЛЕРГЕ ЖАҚЫН ОРНАЛАСҚАН
Кеңес төрағасы Мұрат ӨТЕШОВТІҢ айтуынша, Атырау қаласы маңындағы «Мұқаш», «Орбита», «Теңдік», «Жөнеген», «Еркінқала», «Алғабас», «Дамба» зираттары қоршауға алынбаған. Одан бөлек, «Мұқаш», «Орбита», «Жөнеген» зираттарына ғана жол торабы тартылған. Ал қалған зираттарға қарлы, жаңбырлы күндері жету мұң.
Сонымен бірге зираттар аумағының ұлғаюы да проблемаға айналып отыр. Мәселен, «Теңдік» зиратының аумағы жылма-жыл ұлғайып, алды Атырау-Индер тас жолына таяп, арты «Жұлдыз» ықшам ауданымен шектесуге таяу. «Орбита» зиратының да батыс беті тас жолға тиіп тұр. Ал қаланың шығыс бетіндегі «Жөнеген» зираты ескі карьерлерге тірелген.
Зираттарға қатысты мәселе аудандарда да өзекті. Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы «Басшы» деп аталатын зираттың батыс беті Атырау-Құлсары тас жолына жақындауда. Көптеген ауылдарда тұрғын үйлер зираттарға жақын орналасқан. Тіпті, көпшілігі қоршаусыз және жерлері заңдастырылмаған.
Әулие Успен соборының настоятелі иерей Михаил орталық христиандар зиратын жабатын уақыт келді, анағұрлым абаттандырылған, жолдары мен суару жүйесі бар жаңа жерлеу орнын ашу керек деп есептейді. Ол православиелік зиратта жерлеу үшін «СпецБюро» ЖШС-нің қызмет көрсету ақысын талап ететінін еске слады. Алайда мекеме зират аумағында күтім жұмыстарын жүргізу міндеттемесін орындамай отыр.
Барлық зираттардағы антисанитарияға байланысты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл тақырыпты тек қана ресми шараларда ғана емес, үйде де, отбасында да, тойларда, қаделерде және халық көп жиналатын басқа да жерлерде қозғау керек деп есептейді: «Жерлеу орындарын таза ұстау тірілердің парызы».
Өтешовтың айтуынша, Атыраудағы «Елшібек» зираты, Құлсары қаласының 7 учаскесінде, «Жұмыскер» ауылындағы зираттар қоршалып, жерлеу процесін жүргізуге тыйым салынғанған. Бірақ, бұл оларды енді күтіп ұстаудың қажеті жоқ дегенді білдірмейді.
ӘУЛИЕЛЕР МЕН КҮНӘҺАРЛАР
Қала әкімі Серік ШАПКЕНОВТІҢ айтуынша, Атырау қаласы мен оған қатысты елді мекендерде аумағы 347 гектарды құрайтын 27 зират бар. Олардың жерге мемлекеттік актілерін жасақтау үшін жергілікті бюджеттен 7,5 миллион қаражат бөлініп, заңды құжаттары рәсімделген. Алайда, адамдар марқұм болған туысын ұнаған жеріне жерлей салады.
Алдағы уақытта, әкімнің айтуынша, негізгі жерлеу орындары биіктігі - 2,5 метр болатын бетоннан жасалған қоршаулармен қоршалмақ. Жаңа Бас жоспарға сәйкес, зираттар салуға Алмалы ауылы аумағынан - 240, Қарабатан тас жолы бойынан - 200 гектар жер үшін екі алаң бекітілген. Сондай-ақ, «Мұқаш» қорымының жерін 50 гектарға ұлғайту жоспарланып отыр.
Орталық мешіттің бас имамы Батыржан МАНСҰРОВ қабірдің басына ағаштан белгі қойып, айналасына тал егіп, құлпытасқа марқұмның аты-жөнін жазу шариғатқа сай келетінін мәлімдеді. Бірақ, марқұмның портретін жасатудың қажеті жоқ.
Бас имам тағы бір тақырыпты қозғады:
- Қаламызда әулиеге табынушылық басым. Авангард мөлтек ауданындағы «Ахмет ата» қорымын қоршап тұрған шарбақ оңды-солды байланған ақ матадан сау жері жоқ. Адамдардың тастап кеткен садақасын сол жерде жүрген маскүнемдер аңдып тұрып, қалталарына басады. «Аллаға серік қосып тұр» деп, қорымның басында дұға етіп тұрған қарт ананы атып кету фактісі болған. Осыған тоқтау болуы тиіс. Себебі, әулиеге табыну шынымен үлкен күнә, қателік.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев отырысты қорытындылай келе, марқұмдарға зәулім күмбездер мен ас та төк дастархан емес, олардың рухына бағышталған дұға қажет екенін атап өтті. Және биік мазарларға ақша шашқанша зираттардың айналысына қоршау салуды ұсынды.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА
Суреттерді түсірген автор