АҚШ-тың Конгресс өкілдерінің палатасы 6 маусымда бір ауыздан Түркия президенті Режеп Ердоғанның күзетшілеріне қылмыстық айып тағуға шақырды.
Конгресмендер 397 дауыспен резолюция қабылдап, 16 мамырда Түркия елшілігі жанындағы бейбіт шерушілердің соққыға жығылуын сынға алды. Ердоған күзетшілерінің соққысы салдарынан 11 адам жараланған.
«Түріктің қауіпсіздік қызметінің адамдары қарусыз шерушілерді аяқтарымен тепкілеп, ұрып-соқты», - делінген резолюция мәтінінде.
«Түріктің қауіпсіздік қызметінің кез-келген тұлғалары бейбіт шерушілерді аяусыз соққыға жыққандары үшін АҚШ заңына сәйкес жауапқа тартылуы тиіс»,- деп атап көрсетілген.
Дәл осындай талап АҚШ сенатында да көтеріліп жатыр.
Осыған дейін Вашингтон полициясы және АҚШ-тың ресми тұлғалары Ердоғанның қауіпсіздік қызметінің қызметкерлерін айыптаған болатын.
Дереккөз: Baq.kz