Таныс болыңыздар – бельгия овчаркалары Ирма мен Лорд. Батыс өңірлік аэромобиль құтқару жасағының (БӨАҚЖ) кинология қызметінің құрамында саналады. Олар әзірге тек үйреніп жүр, екеуінің де облыста құтқарушы төбеттердің алды болатындығына үміт зор.
Іздеу жұмыстарында, судан құтқару кезінде және т.б. уақытта иттердің кез келген тұқымы адамдарға көмекші бола бермейді. Әсіресе, бұл тұрғыда сенбернарлар, ньюфаундлендтер, лабрадорлар, сондай-ақ, неміс және бельгия овчаркалары қатты бағаланады.
- Бірақ белгілі бір тұқымды иттің болуы жеткіліксіз. Ит бірқатар қасиеттерге, мәселен, психикасы орнықты болуы тиіс, - дейді БӨАҚЖ кинолог-құтқарушысы Руслан НҰРОВ. - Төбет алдына қойылған міндеттің орындалуына толықтай көңіл тоқтатып, төңірегінде не болып жатқандығына алаңдамауы тиіс. Екіншіден, бұл рақымдылық. Мұндай иттердің көмегі керек болған жерде, әдетте, адамдар көп жиналады: полиция, зардап шегушілер, медиктер, құтқарушылар... Бәріне де төбеттер агрессиясыз, сабырлы қарауы тиіс. Тағы бір қажет қасиет - өз бетімен шешім қабылдай білуі. Өйткені, қасында адам болмайтын кезде төрт аяқты құтқарушы бұйрықты күтпестен әрекет етуге тиіс. Ол өзінің қабілетін түсінуі тиіс. Әрине, төбеттердің туа біткен қасиеттерінен бөлек бұл жерде кинологтың көп еңбегін қажет етеді.
Ирма 2 жаста, анасы полицейлерге есірткі табуға көмектессе, әкесі саперлерге қызмет етеді. Бір жарым жастағы Лордтың да хикаясы осыған ұқсас. Анасы есірткі бойынша маманданған болса, әкесі көшелерді күзетеді.
- Ирма мен Лорд бұл жерге кездейсоқ келген жоқ. Жасақта ғимараттар құлағанда, жер сілкінісі, техногендік сипаттағы төтенше оқиғалар мен тағы да басқа жағдайларда көмегі қажет болатын құтқарушы иттер болуы тиіс. Бұған дейін бізде кинологиялық қызмет болған жоқ. Ирма мен Лорд бұл тұрғыда ізашарлар. Ақпаннан бастап үйретілуде, - деп бөлісті Руслан.
Әріптесі Тұрар СӘРСЕНҒАЛИЕВПЕН бірге Руслан маған іс жүзінде болашақ құтқарушыларды қалай дайындайтындарын көрсетті.
- Әрине, біз олардың бойындағы төзімділікті дамытамыз, физикалық сипаттамаларын арттырамыз. Бірақ оларды кеңістікте еркін бағдарлауға, қойылған міндетті түсінуге үйрету өте маңызды. Барлығы ойын түрінде үйретіледі. Бұл құқыққорғау органдарының төбеттерімен жасалатын жұмыстан ерекшеленеді. Біздің иттерде ешқандай агрессия болмауы тиіс.
Үйретуге облыстық судан құтқару станциясының қызметкерлері көмектеседі. Мәселен, мынадай бір жаттығу бар. Лордты немесе Ирманы көтеріп, бір-біріне береді. Төбеттер адам қолына, бейтаныс қолға үйренулері тиіс. Бейтаныс жандармен жұмыс жасауға тура келетін төтенше жағдай кезінде олар сабырлы болуы керек.
Іздеу жұмыстары өте маңызды орын алады. Төбет бір нәрсені іздеп тауып қана қоймай, бұл туралы құтқарушыға дыбыс беріп хабарлауы тиіс. Таяу уақытта сабақтарды алуан түрлі базаларда, иесіз қалған ғимараттарда өткізу жоспарланып отыр. Ол жерде ойдан шығарылған үйінділердің арасында зардап шегуші ретінде статистер төрт аяқты құтқарушыларды күтетін болады. Болашақта кинолог-құтқарушылар ізге түсуді үйрететін тағы бір төбетті алуды қарастырып отыр. Мұндай із кесуші, мәселен, далада жоғалып кеткен адамдарды іздеу кезінде керек болуы мүмкін.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсіген автор