Атырау, 27 қараша 11:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Мектеп бітіру кештері ұлан-асыр тойға айналды

5 836 просмотра
Фото: Sputnik Казахстан

Алдымыздағы 12 маусым күні мектеп бітіру кеші өтпек. Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша мектеп бітіру кешінде биыл да лимузин жалданып, ұлан-асыр той ретінде ұйымдастырылады. Бұған түлектердің өздері қалай қарайды екен?     

Құралай есімді бойжеткен (фамилиясы мен мектебін таныстырғысы келмеді) дайындықты екі ай бұрын бастап кеткенін айтады. Бүгінгі күнге дейін әр түлектен 150 мың теңгеден жиналған. Бұл тек шығындардың бір бөлігі ғана.

- Мектеп бітіру  - менің өмірімдегі қайталанбас сәт. Бұл кешті есте қаларлықтай атап өту үшін қаладағы мейрамханалардың біріне тапсырыс бердік. Бағасы бір адамға 15 мың теңге. Ата-анамыздың бірін қосқанда 30 мың болады. Бұдан бөлек, көйлек, туфли, шаш сәндеуіміз бар. Тек көйлектің өзін 90 мың теңгеге алдым. Сұлулық салонына да жазылып қойдым. Сондай-ақ, кештен әдемі естелік қалдыру үшін лимузин, фотограф, видеооператорды да алдын ала жалдадық, - дейді Құралай.

Оның айтуынша, жиын-тойлардың сәнін келтіретін лимузин көлігін жалға алу қалада сағатына 50 мың теңге сұрап тұрған көрінеді. Ал, видеограф пен фотограф әр адам басына 4 000 теңге сұраса, бұдан бөлек фотоальбомға коллаж жасап беру үшін әр оқушы 7 000 теңгеден жинауы керек болған.

Бітіру кешінде қыз бала үшін әдемі көйлек маңызды рөл атқаратынын байқадық. Ал, ондай көйлектердің бағасы «Көктем», «Дина», «Насиха» сауда орталықтарында 60 мыңнан 150 мыңға дейін жетеді екен. Киімдердің көпшілігі Кореядан әкелінген.

Тағы бір мектеп бітіруші Зарина ТӨЛЕБАЕВА былай дейді:

- Жалпы орта білім туралы аттестатты мектеп формасымен барып 12 маусым күні оқу орнымыздан аламыз. Отырыс сол күні кешкіге жоспарланды. Биыл мектебімізден 40-тан астам түлек бітірмек. Өз басым көйлегімді «Насиха» пассажынан 80 мың теңгеге алдым. Туфлиімнің бағасы 20 мың. «Дина», «Көктем» базарларында да сондай баға. Қатарластарымның арасында арнайы тіктіріп жатқандар, жалдап алып жатқандар да бар.  Прокатқа алудың өзі тауардың жарты бағасын сұрайды. Макияж, прическа, манюкир бәрін сұлулық салонынан жасатамыз. Ол 15 мың теңгенің айналасында шығады. Бұдан бөлек, көйлекке сәйкес қылып қолға ұстайтын сөмке, сырға, сақиналар бар. Олардың бағасын әлі біле қоймадым. Алғашқы және соңғы мұғалімдерімізге сыйлық беруді ата-аналар өздері шешетін болды. Қазір білесіз, ешкім ешкімнен қалғысы келмейді.

Бір байқағанымыз, бір күндік өте шығар кеш үшін осыншама ақша құрту түлектерді толғандырмайтын секілді. Қатардан қалмаса болды. Көпшілігі өмірдегі бір рет болатын қайталанбас кеште аянып қалмау керек дегенді айтады. Ал мұндай ысырапшылықтан кейін ата-аналарды баласын жоғары оқу орнына түсіру мақсаты күтіп тұр. 

Ал мектеп бітіру кеші туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Света АМАНШИЕВА былай деп хабарлады:

- Қала бойынша барлық мектептерде аттестат табыстау салтанатты 12 маусым күні ата-аналардың, ұстаздардың қатысуымен мектеп қабырғасында өтеді. Бұл шараға әр мектеп әрқалай дайындалады. Ал, түлектердің кешін жасайды ма, қай күні қайда өткізгісі келеді, ол ата-аналардың өз еріктерінде. Түлектердің аттестат алу шарасы 12 маусымда өтетіндігі жөнінде жергілікті полицияға хат арқылы ескерттік. Олар бітірушілердің қауіпсіздігін қадағалайтын болады.  

Ердос ҚАСЫМ

5 маусым 2017, 10:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.