Германия Кабулда 31 мамырда болған жойқын шабуылдан соң босқын мәртебесін беруден бас тартқан ауғандықтарды Ауғанстанға депортациялауды уақытша тоқтатты. Германия канцлері Ангела Меркель 1 маусымда депортациялау процесі сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы қазіргі жағдайды талдап, Кабулдағы герман елшілігі жұмысын қайта бастағанға дейін қайта жанданбайтынын мәлімдеді. Меркельдің сөзінше, аталған жұмыстар шілдеден ерте аяқталмақ емес.
31 мамырда Кабулдың орталығындағы дипломатиялық өкілдіктер орналасқан ауданда жүк көлігіне қойылған бомбаның жарылуынан 90-нан астам адам қаза тауып, 400-ден астам адам жараланған. Терактіден Германия елшілігі кәдімгідей бүлінген. Шабуылдан соң Германия Кабулге депортацияланатын босқындарды жеткізетін ұшақ рейсін тоқтатқан. Канцлердің мәлімдеуінше, мораторий күші қылмыс жасаған, билік Германияға қауіп төндіреді деп санайтын адамдарға жүрмейді.
Босқын мәртебесі берілмейтін ауғандықтарды отанына ерікті түрде қайтару бағдарламасын іске асыру жалғаса береді. Бұған дейін пана беруден бас тартылған ауғандықтардың көпшілігіне Ауғанстандағы жағдайдың тұрақсыздығына байланысты Германияда тұра беруіне рұқсат берілген еді. Бір жыл бұрын Берлин Ауғанстанның кейбір аймақтары қауіпсіз және ол жақтарға босқындарды қайтаруға болады деп ұйғарған.
Дереккөз: Азаттық