Түркияның Иракпен шекаралас провинциясында әскери тікұшақ апатқа ұшырап, бортында болған 13 адам түгел қаза тапты деп хабарлады түрік әскерилері. Тікұшақ Түркия күрд жасақтарына қарсы операция жүргізіп жатқан Ширнак провинциясында құлаған. Әскерилердің мәлімдеуінше, AS 532AL Cougar тікұшағы Сеноб ауданындағы әуе базасынан ұшып шыққан соң жоғары кернеулі электр желісімен ілініскен.
Әскерилер қаза тапқандардың аты-жөнін жарияламады. Жеке меншік DHA агенттігі тікұшақта ауданды бақылау үшін ұшып шыққан, генерал-майор бастаған делегация болғанын хабарлады. БАҚ-тың хабарлауынша, бортта тағы алты офицер болған. Тікұшақ апат болған ауданға Түркия қорғаныс министрі Фикри Ышик, вице-премьер Мехмет Шимшек пен басқа да министрлер шұғыл ұшып барған.
Дереккөз: Азаттық