25 мамырда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас имамы Батыржан МАНСҰРОВ Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы (ҚМДБ) атынан Атыраудың бүкіл мұсылмандарын 27 мамырда басталатын Қасиетті Рамазан айымен құттықтады.
Соған сәйкес, Ораза да 29 күнге созылады. Бір айдан кейін, 25 маусымда таңғы сағат 7-де мерекелік айт намазы басталады. Рамазан айы бойына облыстық мешіттің ауласында тігілген киіз үйге кез келген ниет білдіруші кіріп, ифтарға (ақшам намазынан кейінгі ауызашарға) қатыса алады. Сонымен қатар, бұл айға Құранды үздік оқу байқауларын ұйымдастыру және мұқтаж жандарға көмек көрсету жоспарланған. 22 маусымға қараған түні Қадыр түні өтеді.
Б.Мансұров ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫНЫҢ Рамазан айының басталуына орай дәстүрлі құттықтау сөзінен үзінді келтірді: «Қасиетті Рамазан айының құрметі үшін қайырымдылық шаралары көптеп өткізілсе, азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалып, Құдайы астар мен садақалар ауызашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол берілмесе деген тілегімді білдіремін».
Б. Мансұров бір айға шариғатқа қарама-қайшы келетін азық-түліктерді дүкен сөрелерінен алып тастауды және қала көліктерінде қосымша жеңілдіктер енгізуді ұсынды.
Имам кейбір мұсылмандардың оразаны дұрыс ұстамайтындығына қатысты өкінішін білдірді:
- Кесте шықты. Сағат таңғы 3.46-те таңғы намаз уақыты басталады, ал кейбіреулер сәресін ішуге енді кірісіп жатады. Сөйтіп ол таң атқанша жалғасады. Тағы да түсіндіремін: таңғы намазға 10 минут уақыт қалғанда сәресін аяқтап, ауыз бекіту керек. Рамазан айында адамдар бір-біріне ерекше түсіністікпен, жылылықпен қарауға тиіс. Өйткені, біз ораза ұстаймыз және осылайша біз Алланның алдында бірдей екенімізді көрсетеміз.
Ораза кезінде қаланың 4 мешітінде Құранды жатқа оқитын 4 қапиз жұмыс істейтін болады.
Пітір садақаның мөлшері 300 теңгені құрайды. Ораза ұстауға мүмкіндігі жоқ жолаушылар кейін оразаның қаза болған күндерін өтеуге тиіс. Ал мүлдем (мәселен, сырқаты болғандықтан) ораза ұстай алмайтындар фидия төлеуге – бір уақытта 60 адамды тамақтандырып немесе бір адамды 30 күн бойына тәулігіне 2 рет тамақтандыруға тиіс. Биыл фидия сомасы күніне 1300 теңгедей болады. Фидияны мешітке әкелуге де, мұқтаж жандарға беруге де болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ