«Жас Отау» бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Бұл туралы брифингте Атырау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жасұлан БИСЕМБИЕВ хабарлады.
Аталмыш тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың құжаты бұған дейін комиссия отырысы арқылы қаралып келсе, енді үміткерлердің тізімдері әр азаматтың мәртебесіне байланысты баллдық жүйемен шығарылатын болады. Яғни, көп балалы болсаңыз, мемлекеттік сыйлықтарыңыз бен алғыс хаттарыңыз болса, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы болсаңыз, осылардың әрқайсысына ұпай қосылып, тізімнің басына өте аласыз. Ұпайдың есептелу жүйесінде мемлекеттік, әскери қызмет және бюджеттік саладағы әрбір толық жылғы еңбек өтілі үшін 3 ұпай, басқа да ұйымдарда еңбек ететін қызметкердің әрбір толық жылғы еңбегіне 1 ұпайдан қосылады. Бұдан бөлек, отбасындағы әрбір балаға 20 ұпай қосылады. Мүгедек немесе созылмалы аурумен ауыратын отбасының әрбір мүшесі үшін 10 ұпай беріледі.
Ал, ұпай бойынша жоғары сатыда тұрған отбасылар бағдарлама бойынша берілетін баспананың қай қабаттан, нешінші пәтерін алатынның таңдауына мүмкіндік бар.
Ж.Бисембиевтің айтуынша, «Жас Отау» бағдаламасының жаңа жүйесі пәтерлерді бөлуде ашықтық пен әділдікті сақтау үшін енгізіліп отыр. 2017-2018 жылдардың жоспарына сәйкес, «Жас Отау» бағдарламасы алдағы уақытта аудандарда да жүзеге аспақ.
- «Жас Отау» бойынша Құлсары қаласынан 100 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы, Индербордан 50 және Махамбет ауылында 50 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Қазіргі уақытта Құлсары қаласында салынатын үйдің жерге орналастыру жобасы дайын, - деп атап өтті Ж.Бисембиев.
Еске салып өтейік, бағдарламаға қатысу үшін қойылатын басты талап ерлі-зайыптылардың жасы 29-ға толмаған болуы, соңғы бес жылда меншігінде пәтердің болмауы керек. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылардың жалпы табысы күн көрісінен артылып, жалдамалы үйдің несиесін жабуға толық жететіндігі ескеріледі. Отбасының айлық шығынынан бөлек әр баланың несібесі 10 мың теңге болып бекітілген. Ал, жеке жер учаскесі бар азаматтар мен пәтерде мұрагерлік үлесі барлар үміткерлер баспана конкурсына қатыса алады. Жас отбасылар жалдамалы пәтердің құнын қабілетіне байланысты 3 жыл, 5 жыл, 8 жылда төлеп тастай алады.
- Сонымен қатар, «Жас Отау» бағдарламасы бойынша шілде айының ішінде Атырауда www.zhasotauatyrau.kz сайты іске қосылып, үміткерлер құжаттарын сайт арқылы үйден онлайн енгізуіне мүмкіндік алмақ. Бағдарлама бойынша соңғы мәліметтер де осы сайтқа орналастырылатын болады, - деді жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы.
Ердос ҚАСЫМ