Атырау, 27 қараша 13:46
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қыстақтағы көктем

5 720 просмотра


Индер ауданы Өрлік ауылындағы «Үшқызыл» және «Айтуған» қыстақтарында жазға дайындық басталды. Бастысы, қысқа жемшөп дайындап алуға үлгеру қажет, бірақ, биыл жауын-шашынның аз түсуінен қуаңшылық болуы мүмкін.

«ҮШҚЫЗЫЛ» ҚЫСТАҒЫ

Егер сіз кең далада басына қаңылтыр қалбыр ілінген ағашты анадайдан көрсеңіз, бұл осы маңда қыстақ бар екенін білдіреді. Қаңылтыр қалбыр желмен тербеле қаңғыр-күңгір үн шығарып тұрды. Қыр қазақтары мұндай ағаштарды «қарақшы» деп атайды. Ағаштар қыстақтан 1-1,5 метр қашықтыққа биіктеу дөңге орналастырылады. Бұл тұманды, аязды, қатты жаңбырлы көз көрсетпес табиғи қиындықтарда бағдаршам іспеттес. Шыққан дыбысқа қарай жүрсең, адаспайсың.
Сүрлеу жолдар көлік жүрісіне кедергі келтіре бастады. Амалсыз кейде жолсызбен жүруге де тура келді. Шөп те дұрыс шықпаған, жусандар да бой алып кетпеген. Даланың желі де үзілмей соғып тұр. 

- Биыл жайылыс кеми түсе ме деп қорқып отырмыз. Біз онсыз да қажетті шөпті жыл сайын сатып алатын едік. Биыл шөп бағасы аспандайтыны да түсінікті. Себебі, шабындық жерлер бірнеше шақырым жерде орналасқан, - дейді шаруа Досымжан ӨТЕШОВ. 

Досымжан ӨТЕШЕВ
Д. Өтешовтың «Үшқызыл» қыстағы Өрлік ауылынан 23 шақырым жерде орналасқан. Әкесі Бақтыгерейдің «ақ» таяғын ұстап қалған 44 жастағы шаруа бар өмірін қырда өткізіп келеді. Ауылға барса түрлі иістерден басы ауырып, мазасы қашатын ол қырға асығатынын айтады.

- Қыстан малды аман-есен шығарғаннан кейін қой төлдету, одан кейін жабағы алу науқаны жүріп, жақында ғана аяқтағанбыз. Қойдың жабағы жүнін бұрын жинайтынбыз, қазір жерді қазып көміп тастаймыз. Себебі, ешкім алмайды. Түйе жүніне де, терісіне де сұраныс жоқ. Тек ешкі жүні ғана өтімді, бір келісі 1000 теңгеден. Бірақ, біз малдың етін ғана сатып күнелтіп отырмыз, - дейді Досымжан Өтепов. 

Тағы бір қиындығы, құдықтардың көзі бітеліп, ащылануы. Тереңдігі 5 метр болатын шыңырау құдықтағы су ащы болса да малды содан суаруға мәжбүр. 

- Ащы су мал үшін зиян, ал біз олардың етін тұтынып отырмыз, - дейді Д. Өтешов. - Ауыз су да қымбат, бір водовоз су 8 мың теңге тұрады. Жарықты мотор арқылы күніне «АИ-92» бензинінің 5-6 литрін бір тәулікке пайдаланамыз. Сонда айына бензин үшін 18 000 теңге жұмсалады. 

Қазір қыстақта қидан отын дайындау қызу жүруде. 

Марина ӨТЕШЕВА
Досымжанның жұбайы Марина нағыз шебер. Оның дастарханынан сүзбе, қаймақ, құрт үзілген емес. 

- Қыс бойына май, құрт, ірімшік, т. б. жаздай дайындап жинап қоямын. Майды шыжғырмаса болмайды. Бірақ, ең қиыны - етті сақтау, - дейді Марина. - Әуелі жас етті іліп, сорғытып аламын. Одан кейін оны кәдімгі от жағатын пеш ішіне салып қоямын, ол сүрленіп, қатып қалады. Өйткені, мұржадан келген ауа еттің бұзылмауына сеп болады. Пеш ішіндегі торға бір қойдың етін салып сақтауға болады. 


«АЙТУҒАН» ҚЫСТАҒЫ

Асылбек ЕСЕНҒАЛИЕВТІҢ қыстағындағы үйге бізді танымаса да бірден төрге озуымызды сұрады. Кіре берісте жұмсақ мал терісі төселген екен. Біз әрі қарай «топырақ» баспалдақпен төменге түстік. Бұл енді жер астындағы екі бөлмелі баспана еді. Жазда салқын, қыста жылы бұл үйдің салынуы да аса көп қаржыны керек етпепті. Терезе де сәл жер бетіне шығыңқы орналасқан. Бұл жарықтың түсуіне мүмкіндік береді. Жазда, әсіресе, күн ыстықта ауа температурасы 8-10 градус жылылықты көрсетіп тұрады. Ал қыс кезінде бір шелек қидың қызуы жылылықты сақтап тұрады. Аса көп отын кетпейді. 

Самат ЕСЕНҒАЛИЕВ
- Мен өмірбақи мал бақтым. Енді бүкіл шаруаны ұлым Асылбек басқарып отыр. Біздер Өрлік ауылында тұрамыз. Көктемде малдан алынған өнімнің адам ағзасына зор пайдасы бар. Қазір үш түйе туып тұр. Ақ ішіп, әлденіп алу үшін келгенбіз, - дейді Самат ЕСЕНҒАЛИЕВ.

Саматтың жұбайы Алма біздің алдымызға пешке көміліп піскен нан, қаймақ, шұбат әкелді. Оның барлығын Алма өзі дайындайды екен. 

- Таза ауа, мал өнімінен дайындалған табиғи тағамдар адамға күш-қуат береді, - дейді Алма. 


Ләззат ҚАРАЖАНОВА


25 мамыр 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.