Швед саяхатшысы Каспийді көру үшін алып нарды жетектеп, Қазақстанның шығысынан батысына қарай 4,5 шақырым жерді жаяу жүріп өтті.
43 жастағы Кристиан БОДЕГРЕН Ұлы жібек жолының қазақстандық бөлігіне саяхатын өткен жылдың қазанында бастаған еді. Бұған дейін ол төрт ай Моңғолияны аралады. Қытаймен шекарада оған алғашқы қос өркешті серігін қалдырып, басқасын сатып алуға тура келді. Біздің аумағымызға жануар әкелу талаптарын орындаудан гөрі, осылай жасау оңай болып шықты. Ол жаңа серігіне Гудини деген ат қойды. Кристиан жаяу жүрсе, сенімді серігі Гудини оның шағын жүгін ғана тасымалдайды. Швед анағұрлым жеңіл әрі тез жүретін атпен емес, түйемен саяхаттағанды жөн көреді. 2010 жылы ол түйемен Сахараны кесіп өтті. Өйткені, ол көне саяхатшыларға сай болғысы келеді:
- Өйткені 200 жыл бұрын Ұлы жібек жолымен жылқылар емес, түйелер керуені жүрді ғой, - дейді ол.
Кристиан Қазақстанды өте экзотикалық ел деп есептейді және ол туралы үйіне оралған кезде монтаждауды жоспарлап отырған өзінің деректі фильмінде әңгімелемек.
- Мені қай жерде болмасын жақсы қабылдайды, тамақтандырады. Менің саяхатыма қызығушылық білдіреді, көмек ұсынып, тіпті, баспана береді. Маған Қазақстан ұнайды, мен осы саяхат жасаған уақытым ішінде бүкіл төрт маусымды бақыладым. Бұл өзгеше тәжірибе, - дейді Кристиан.
- Шалбарыңыздың сізге үлкен екені сөзсіз: соған қарағанда, сізге жолда оңай болмаған шығар. Денеңізге күш түсіп, қалжырағаннан басқа қандай қиындыққа тап болдыңыз?
- Иә, саяхат жасаған уақыт ішінде 15 келі салмақ тастадым, бірақ қыста, әсіресе, Қарағанды облысында далада шатырда түнеуіме тура келгенде ауырлау соқты.
Кристиан Норвегиядағы бұрғылау алаңында жұмыс істейді, ал саяхатты құштарлығым деп атайды. Іс жүзінде мұны екінші мамандығы деп айтуға болады. Ол шөл даланы кесіп өтіп, Амазонканың бойымен Оңтүстік Американы бір кісілік қайықпен жүзіп өткен.
Атырауда Кристиан Гудинимен қош айтысады. Ол түйені тарту ретінде қалдыруға әзір, бірақ оған жақсы қарауы керек деген шарты бар. Аяғын Каспийге малған Кристиан Астанаға, ЭКСПО-ға ұшады. Ол бұл көрмені өте маңызды шара деп есептейді. Өйткені, оның өзі көрменің тақырыбы болған жасыл технологияларды қолдайды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті және бейнежазбаны түсірген Марат ТАКУЛИН