Атырау, 27 қараша 14:56
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атыраудағы театр фестивалі

Сурет
6 460 просмотра

Махамбет атындағы Атырау облыстық драма театрында Мемлекеттік  сыйлықтың лауреаты, Халықаралық Алаш сыйлығының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайыптың шығармашылығына арналған «Мәңгілік елдің Алтын адамы» республикалық театрлар фестивалі ашылды.

Салтанатты ашылу шарасына композитор, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, Қазақстанның халық әртісі Есмұхан ОБАЕВ және басқа да өнер тарландары арнайы келді.   


Иран-Ғайып - қазаққа емес, әлемге аты шыққан драматург. Мінезі қандай шулы болса, шығармашылығы да сондай шулы. «Мәңгілік елдің алтын адамы» деген атақ өзінде ғана бар, мен мұндайды көрген емеспін. Бұл фестиваль – қазақ театрының бүгінгі ахуалын, бүгінгі драматургияның, режиссураның, актерлік шеберліктің, труппаның жеткен жетістігін көрсететін фестиваль. Бірін-бірі көру, үлгі алу, байыту, салыстыру – үлкен бақыт. Өнерді сүйіңіздер, қасиетті жерде тұрсыздар, соны бағалай біліңіздер! – деді сахна төрінде сөйлеген Есмұхан Обаев.

Жиналғандар алдына Иран-Ғайыптың өзі шығып, толқына сөйледі:

- Құрметті ағайын, семіздікті қой ғана көтереді дейді. Сондықтан менің шамалы семіздігімді кешірерсіздер. Мен сіздерге басымды иемін. Атырауым – абыз ауылым, айнымас алтын қауымым, тәу еттім сенен, Исатай-Махамбетіңнен айналдым, сіздерден айналдым! 70-ке келген адам айналғыш болады екен, бәріңіз де айналғыш болыңыздар! Фестиваль сіздерге ұнасын деп тілеймін. Рахмет!


Фестиваль кезінде еліміздің өзге өңірлерінен келген театр ұжымдары қойылымдарын ала келді. Спектакльдерге кіру тегін. 22 мамырда Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театры (Талдықорған қ.) «Негізгі шаруа», Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театры (Алматы қ.) «Естайдың Қорланы» қойылымдарын сахналады.


Бүгін, 23 мамырда күндіз Абай атындағы Қазақ музыкалық драма театры (Семей қ.) «Адасқан бақ құсы» шығармасын сахналады, ал, кешке 19.00-де М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театры (Алматы қ.) «Қорқыттың көрі» аңыз-дастанын ұсынады.

Ертең, 24 мамыр күні сағат 11.00-де көрермен Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының (Орал қ.) «Мәңгілік елдің Алтын адамын» ұсынады. Сағат 17.00-де фестивальдің жабылу салтанаты өткізіліп, жеңімпаздар марапатталады. Ал, 18.00-де Иран-Ғайыптың шығармашылық кеші жоспарланған.



Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор

23 мамыр 2017, 16:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.