Атырау, 27 қараша 14:38
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жер: сату үшін алып қалған ба?

4 258 просмотра


«Казтрансойл» компаниясы 10 жыл бойына облыстағы екі ауданның жерін заңсыз пайдаланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық жер пайдалану мен қорғауды бақылау басқармасының басшысы Ғибрат СҮЛЕЙМЕНОВ әңгімеледі.

Жыл басынан бері заңды және жеке тұлғалардың, мемлекеттік органдардың хаттары негізінде жоспардан тыс 350 тексеру жүргізілді. 304 заң бұзушылық анықталды – негізінен бұлар мемлекеттік жерлерді өз бетімен басып алу және уақытша пайдалануға берілген телімдердің уақытында қайтарылмауы. Заң бұзушыларға 43 миллион теңгеден астам жалпы сомада айыппұлдар салынды.

«Басып алу» деген сөз атыс-шабыспен тартып алу секілді көріністі көз алдыңа келтіреді. Іс жүзінде үйреншікті нәрсе. Мәселен, дуал салғанда, уақытша баспана немесе монша салу кезінде жер қожайыны өз учаскесінің шеңберінен шығып кетеді. Ал уақытында қайтармау – бұл 2-3 жылға уақытша пайдалануға берілген телімдер туралы айтылып отыр. Осы уақыт ішінде адам бұл жерге құрылыс салуы тиіс. Егер бөлінген уақытқа үлгермесе, мерзім аяқталғанша 3 ай ішінде мерзімді ұзарту туралы өтініш жазу керек. Іс жүзінде адамдарға осы процедурадан өту қажеттігі туралы бір жылдан кейін есіне түсуі немесе тіпті, ұмытып кетуі мүмкін. Ал бұл заң бұзушылық үшін салынатын айыппұл мөлшері аз емес – 75 АЕК (170 145 теңге).

- Халықтың әлеуметтік осал тобы үшін бұл қомақты сома – көпшілігі төлеуге келіспейді, соманы азайтуды сұрайды. Бірақ бұл біздің құзырымызда емес. Біз тек мүгедектікті немесе адамның ауыр сырқат салдарынан уақытын өткізіп алғандығын ғана ескере аламыз. Уақытша пайдалану мерзімін әлденеше рет ұзартуға болады. Тәжірибе жүзінде 1 жылдан 5 жылға дейін ұзартады, жалпы заңда мерзім бойынша шектеулер жоқ. Бастысы – адам құрылысты бастауы тиіс, ол аяқталған соң жер оның жеке иелігіне өтеді. Ал егер ол ұзартуды өтінсе, бірақ құрылыс тіпті басталмаған болса, комиссия бас тартуы мүмкін. Мұның бәрі телімдердің пайдаланылуын, жердің сату мен қайта сату құралына айналмауы үшін жасалады, - дейді Ғ.Сүлейменов.

Оның айтуынша, тексеру барысында «Қазтрансойл» компаниясының Құрманғазы мен Жылыой аудандарындағы магистралды құбырлар орналасқан 59 га жерді өз бетімен басып алып, 10 жылдан астам уақыт заңсыз пайдаланғандығы анықталды. Осы үшін компанияға 4 млн теңге айыппұл салынды. Журналистердің «ұзақ уақыт бойына кәсіпорын еш рұқсатсыз жерді қалай пайдалана алады?» деген сұрақтарына басқарма басшысының орынбасары Қанат КӨБЕГЕНОВ жауап берді:

- Өйткені, мұндай фактілерді анықтау өте қиын. Мәселен, «Қазақтрансойлда» 2 мыңдай үлкен жер телімдері бар. Компания осы жерлерді ресімдеу үшін әкімдікке жүгінгеннен кейін ғана бұл жағдай анықталды.

Көбегенов, сонымен қатар, облыс орталығының маңында пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау жұмыстары туралы әңгімеледі. «Нұрлы жер» бағдарламасының басталуына байланысты көппәтерлі тұрғын үйлерді салу үшін кеңістік жетіспей отыр. Ал Атырауда уақыт өте тек қожайындарын ауыстырып отырған үлкен жер телімдері аз емес. Тек бірінші тоқсанда 45 меншік иелерінен қаланың түрлі аудандарында 2003-2005 жылдардан бері бос тұрған жалпы алаңы 300 гектар жер анықталды. Ең үлкен жер телімдері – Нұрсаяда. Меншік иелері есепке қойылды, бір жылдан кейін оларды тағы бір рет тексеру жоспарланып отыр. Егер игеруді бастамаса, жерді сот арқылы алып, бәссаудаға шығарады.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

Суретті түсірген автор

23 мамыр 2017, 16:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.