Мамырдың 22-сі Ұлыбританияның Манчестер қаласында өткен концертте жарылыс болып, полиция кемінде 19 адамның қаза тапқанын, 50-ге жуық кісінің жараланғанын хабарлады. Британия билігі жарылысты «террорлық акт» деп мәлімдеді.
Мамырдың 22-сі куәгерлер Манчестер қаласындағы Manchester Arena ғимаратынан жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 21:45 шамасында «қатты жарылыс» естігендерін айтады. Manchester Arena-да сол күні АҚШ-тың эстрада әншісі Ариана Гранде (Ariana Grande) концерт берген еді.
Манчестер полициясы Twitter әлеуметтік желісі арқылы "19 адамның қаза тапқаны анықталды, 50-ге жуық адамның жараланғаны белгілі болды. Жарылыс басқа дәлелдер табылғанша террорлық акт ретінде қарастырылады" деп хабарлады.
Reuters ақпарат агенттігі "АҚШ үкіметінің екі қызметкерінің оқиғаның бастапқы айғақтары жанкештінің жарылыс жасағанын білдіретінін айтқанын" хабарлады. Алайда жанкешті туралы бұл ақпаратты Ұлыбритания билігі әзірге нақтыламаған. АҚШ қауіпсіздік қызметкерлері жағдайды жіті бақылап отырғандарын айтады.
Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй мамырдың 23-і таңертең "биліктің жарылыстың жай-жапсарын анықтауға кіріскенін" хабарлады. Ол "Біз полиция жантүршігерлік теракт деп бағалаған жарылыстың қалай жасалғанын анықтау мақсатында жұмыс істеп жатырмыз" деп мәлімдеді.
Полиция жарылғыш заттарды жоятын мамандар жұмысқа кіріскенін хабарлап, халықты жарылыс болған жерге жақындамауға шақырды. Полиция "алғашқы әрекет тобы жұмыс істеп жатқан жерден айналып өтулеріңізді сұраймыз" дейді.
Sky News телеарнасы Manchester Arena-дан қашып шыққан жүздеген адамдар мен полиция және медициналық жедел жәрдем көліктері келіп жатқан видео көрсетті. Куәгерлер оқиғадан кейін арена үстіне тікұшақтар келгенін айтады.
Twitter әлеуметтік желісіне шыққан тағы бір видеода арена ішінде үрейден шыңғырып, жүгіріп жүрген адамдар көрсетілген. BBC телеарнасына сұхбат берген 22 жастағы Роберт Темпкин "Жұрт айғайлап қашты. Жерде сырт киімдер мен телефондар шашылып жатты, ел бәрін тастап қашты" дейді.
Куәгерлер сөзіне қарағанда, қаза тапқан және жараланған адамдардың көбі жастар мен балалар. Аренаның астында орналасқан Manchester Victoria теміржол бекеті қызметін тоқтатқан.
Ұлыбританияның көлік полициясы "Апат қызметтері оқиға болған жерде жұмыс істеп, жарылыс туралы айғақтарды жинап жатыр. Жұмыс нәтижесі туралы мейлінше уақтылы хабарлап отырамыз" дейді.
Grande дыбыс жазу компаниясы әншінің аман екенін хабарлады. Егер террорлық шабуыл екені дәлелденсе, бұл оқиға Лондон көлік жүйесінде 2005 жылы шілдеде болған, 52 адам қаза тапқан терактіден кейінгі ең ірі жарылыс болмақ.
Manchester Arena пайдалануға 1995 жылы берілген. Ол 21 мың адам сыятын Еуропадағы ең үлкен жабық стадион саналады.
Ұлыбританияда қазір террорлық қауіптің "жоғарғы" дәрежесі жарияланған. Бұл теракт болжамын күшейте түседі.
Sky News телеарнасы Ұлыбритания үкіметінің мамырдың 23-і күні Лондонда таңғы 9-дан бастап қауіпсіздік кеңесі жиынын өткізетінін хабарлады. Бұл елде қазір маусымның 8-і өтетін парламент сайлауы науқаны жүріп жатыр.
Премьер-министрге жақын шенеуніктің хабарлауынша, сайлау науқаны уақытша тоқтатылмақ. Бірақ оның қанша мерзімге тоқтатылатыны хабарланбады.
Дереккөз: Азаттық