Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты №16 мектептің дене тәрбиесі пәні мұғалімінің өліміне қатысты үкім шығарды. («16-шы мектептегі кісі өлімі»)
Іс материалдарынан мәлім болғанындай, қысқы каникул күндерінің бірі осы жылдың 5 қаңтарында дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі мен сантехник (оған қоса күзетшілік қызмет атақарушы) мектептің қосалқы бөлмелерінің бірінде спирттік ішімдік ішкен. Арада дау туып, мұғалім бокстың тәсілдерін қолдана отырып, сотталушының денесіне соққылар берген. Ал, нәтижесінде таяқ жеген қарсыласы ұстазды аяқ киімінің бауымен қылғындырып тастаған.
Облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, сотталушы ҚР ҚК 99-бабы, 1-ші бөлімі (кісі өлтіру) бойынша кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды және жазасын қатаң режимдегі түзету колониясында өтейтін болды.
Сот сондай-ақ, Атырау қаласы әкімінің атына жалпы білім беретін мектептерде қылмыстық істерге мүмкіндік беретін себептер мен жағдайларды тудырмау үшін шаралар алу жөнінде жеке қаулы шығарды. Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ