Украинада бүгін 73 жыл бұрын Қырым татарларын депортациялағанда құрбан болғандарды еске алып жатыр. Ресей билігі бұл күні аннексиялап алған Қырымда акция өткізуге тыйым салған. Бахчисарайда полиция Қырым татарлары бұрын жыл сайын осы күні гүл қойып жүрген ескерткіш тасты қоршап қойды.
Азаттықтың Орыс редакциясы тілшісінің хабарлауынша, Симферопольде Ресейде қызметіне тыйым салынған Қырым татарлары меджлисінің мүшесі Ахтем Чийгоздың ісі бойынша 18 мамырға белгіленген сот отырысы "техникалық себептерге" байланысты өтпей қалған.
Кеше Қырым татарларының бірнеше белсендісіне прокуратура рұқсат етілмеген көпшілік қатысатын шара өткізбеу туралы жазбаша ескерту тапсырған. Прокуратура меджлис Ресей билігі рұқсат бермеген бірнеше акция ұйымдастырайын деп жатыр деген ақпарат түскенін айтады.
1944 жылы 18 мамырда Қырым түбегінен Орталық Азияға Қырым татарларының алғашқы легі жөнелтілді. Үш күнде Қырымнан Орталық Азия елдері мен Сібірге 180 мыңнан астам адам күштеп қоныстандырылған. Олардың 30 мыңнан астамы алғашқы жылы аштық пен суықтан құрбан болған. Украинада жыл сайын депортация құрбандарын еске алады. Ресей билігі 2014 жылы Қырымды аннексиялап алған соң Қырым татарларының белсенділеріне бұл күні көпшілік шаралар ұйымдастыруға тыйым салған.
Дереккөз: Азаттық