Сотталғандығы немесе сотталмағандығы туралы анықтаманы енді электрондық цифрлық қолтаңбасыз-ақ - еgov.kz порталына авторлану кезінде бір реттік sms-паролінің көмегімен ала алады. Бұл туралы «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің басшысы Тұрлан НҰРЖАНОВ Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.
Оның айтуынша, жыл басынан бері 420 291 қызмет көрсетілген (соның ішінде 68% құжат электронды түрде). Егер қызмет алушы адам орталыққа белгілі бір себептермен келе алмаған жағдайда оған мобильдік топ барады (290 рет барған).
Соңғы жаңалықтардың бірі - сурдо-онлайн қызметі іске қосылуы. Бұрын естуі нашар клиенттерге екі сурдоаудармашы маман қызмет көрсететін. Енді арнайы терезеге барып, Астана қаласында байланыста отырған операторға қосылады да, олар өзара ым-ишарат тілінде сөйлесе береді.
Т.Нұржанов, сондай-ақ, қаладағы барлық үш орталық енді алты күндік кесте бойынша және 8:00-ден 20:00-ге дейін үзіліссіз жұмыс жасайтын болатынын еске салды. Демалыс – жексенбі.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА