Қызылқоғалықтар Ойыл өзенінен келетін өр суы биыл мол болады деп болжауда.
Ералы су қоймасына келген табиғи судың тереңдігі бірнеше күннен бері 3 метрді құрап отыр. Өткен жылы да келген судың тереңдігі сол шамалас болған. Айта кету керек, өткен жылы қызылқоғалықтар судан таршылық көрген жоқ. Қазір келген суды ауданның басқа жерлеріне тарату ұйымдастырылуда.
- Өткен жылы жайылым мен шабындықтар бітік шығып, ырыздығын көріп едік. Биыл да осылай болады деп болжап отырмыз. Оның үстіне биыл жауын-шашын да жақсы түсуде, - дейді Қызылқоға ауданы әкімі Мақсот МҰҚАНОВ. – Сонымен бірге, Ақтөбедегі Тамдыкөл су қоймасы ашылып, біздің жаққа қарай бағыт алуда. Ендігі мақсатымыз - келген суды тиімді пайдалану. Себебі, айдың аяғында табиғи судың келуі саябырсиды.
Су Жарыпшыққан өзегі арқылы Тайсойған өңіріне жетіп, «Кезауыз-Қарабау» каналы толтырылған. Енді судың бір бөлігін Көздіғара, одан әрі Тасшағыл ауылдық округтеріне жеткізу көзделіп отыр. Малшылар үшін суаттар толтырылған, енді олар «ҚазСуШар» РМК-ның Қызылқоға аудандық филиалымен келісімшартқа отыруда.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА