Ақ үй өкілдері президент Дональд Трамп өткен аптада Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен және Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Сергей Кислякпен кездесуінде құпия ақпаратты жариялағанын жоққа шығарды.
Washington Post газетінің ақпараты бойынша, президент Ресей билігінің өкілдерімен кездесуде кейбір елдердің ұшақ салонында ноутбук компьютерді тасымалдауға тыйым салғанына қатысты мәліметтерді бөліскен. Бұл ақпаратты кейін New York Times газетінің дереккөзі де растады. Америкалық БАҚ-тың ұйғарымынша, барлау қызметі "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының ішіне жасырын енген одақтас елдердің бірі АҚШ-қа ешкіммен бөліспеу туралы шартпен құпия ақпарат берген.
Washington Post және New York Times басылымдарымен сөйлескен адамдар бұл мәліметтер Ресейге ақпаратты қалай алғанын анықтап, одақтас елдің барлау операциясына нұқсан келтіруі мүмкін деп алаңдайды.
Екі басылым сайттарында жарияланған ақпараттан соң Трамптың ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша көмекшісі генерал Макмастер оларды жоққа шығарды. Ол Трамп кездесуде "ақпарат көздері немесе оны жинау тәсілдері туралы мәселені" талқыламағанын және ашық ақпарат көздерінде келтірілмеген операция туралы әңгіме болмағанын айтты. Трамптың ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісінің көмекшісі, кездесуде болған Дайна Пауэлл мұндай ақпардың шындыққа сай келмейтінін мәлімдеді.
Дегенмен, Демократиялық партия мен Республикашылдар партиясынан сайланған бірнеше ықпалды конгресмен бұл ақпарға қатысты алаңдаушылық білдіріп, Ақ үйді оған қатысты толық ақпарат беруге шақырды.
Дереккөз: Азаттық