Естеріңізге салсақ, 6 мамырға қараған түні кәсіби әскерилендірілген апаттан құтқару қызметінің («КӘАҚҚ») жедел пультіне «Атыраумұнай» ЖШС-нен шақырту түскен еді. Жер қойнауын пайдаланушы Дараймола кенішіндегі №36 (бастапқыда ТЖД №19 ұңғыма деп қате хабарлады) ұңғымада өрт болып жатқаны туралы хабарлады. Нысан Атыраудан 120 шақырым жерде орналасқан. Сол жерде құтқарушылар пайдалану ұңғымасын салу кезінде түсіру-көтеру операциялары барысында ашық мұнайгаз шығарындысы орын алып, оның кейіннен өртенгенін түсіндірді.
Жалын биіктігі 15-20 метрді құрады. Ұңғыманың тереңдігі (кенжар) – 310 метрді құрайды. Ұңғыма ортасында диаметрі 178 мм болатын 60 метрдей ауыр қашаулы бұрғылау тұрбасы қалған.
- Біраз уақыттан соң жоғары температураның әсерінен бұрғылау мұнарасы роторлық алаңға құлап түсіп, жалын 50-60 метр радиусқа жайылған. Апатты жою жұмыстары жоғары температурада, қатты шуыл, көру мүмкіндігі нашар, тыныс алуға жарамсыз ауадағы төтенше жағдайда жүргізілді. Жоғары температураның әсерімен арнайы костюмдер мен қорғаныс каскалары жарамсыз болып қалды, соның салдарынан ұңғыма ауызындағы әрбір ауысым құтқарушыларының жұмыс ұзақтығы 5 минуттан аспады, - дейді «КӘАҚҚ» РМК Атырау филиалының директоры Теміржан МАХМҰТОВ.
Апат 8 мамырда жойылды. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Мұнай және газ бұрқақтары орналасқан жердегі шаралар қатарына құтқарушылар әуе кеңістігін міндетті түрде өлшеу керектігін еске салды. Олар күкіртсутекті, метанды, оттекті және тұншықтырғыш газды тұту аспаптарымен қамтамасыз етілген. «КӘАҚК» ақпараты бойынша, бұл параметрлер бойынша шекті-рұқсат етілген концентрациядан асқандығы анықталмаған. Газдардың барлығы ашық жалынмен жанған.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА