Жастар ресурстық орталығында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. 28 мекеме мен кәсіпорын жұмыс іздеп жүргендердің түйіндемелерін қабылдады.
- Негізінен техникалық саладағы, соның ішінде электрик, механик, краншы, дәнекерлеушілер қазір сұраныста, - дейді Жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Әйгерім ДОСҚАЛИЕВА. – Жұмыс ұсынушы мекемелердің санын жыл аяғына дейін 50-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Бұдан бөлек, жәрмеңкеге келгендер үшін «Түйіндемені қалай толтырады?», «Жұмысқа орналасудың қыр-сыры» тақырыбындағы тренингтер өткізілді.
Досқалиеваның айтуынша, жәрмеңкеге келе алмаған жастар орталықтың zhas_atyrau@mail.ru электронды поштасына өз түйіндемелерін жолдай алады. Келіп түскен түйіндемелер жұмыс орындарына жіберіледі.
Сондай-ақ, Досқалиева әлеуметтік осал топтағы жастар үшін 11 мамандық бойынша тегін курстардың жүргізілетінін хабарлады:
- Олардың ішінде компьютер меңгеру, ағылшын тілі, іс қағаздарын жүргізу, әрлеуші, тігінші, кулинар, т.б. мамандықтар бар. Осы тегін курстар аясында осы уақытқа дейін 38 жас білім алды. Олардың арасында бостандығын шектеу орындарынан босап шыққандар, жалғызбасты аналар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастар бар.
Жәрмеңкеде жұмысқа орналасқысы келетін жастардан 600-ден астам түйіндеме түскен. Олардың көпшілігі әңгімелесуге шақырту алды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор