Атырау, 27 қараша 15:34
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

"Қыста салынған, сондықтан да сапасы ақсайды"

3 561 просмотра

Облысымызда мемлекеттік бағдарламаның аясында тұрғын үйлердің құрылысын салу жұмыстары жоспарлы түрде әрі қарқынды жүргізіліп жатыр. Биылғы жылдың аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 37 үй тапсырылатын болады, деп хабарлады Атырау облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мерей ЖАНТӨРЕЕВ Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға 2017 жылы Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен 9,3 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 524 млн теңге бөлінді. Қазір жалпы 4 416 пәтерлік көппәтерлі 44 үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Олардың құрылысын 2018 жылы Береке мен Нұрсая ықшамаудандарында бастау жоспарланып отыр.

Бірыңғай сәулеттік келбеттегі жеке тұрғын үй құрылысын салу мақсатында әкімдік инженерлік коммуникациялар: газ, су, электр жүргізілген 400 учаскені әзірледі, - дейді М. Жантөреев. – Қазіргі кезде Құрылыс істері және ТКШ комитетінің сызбасы бойынша 80 тұрғын үйге жобалау құжаттамасын әзірлеу жұмыстары басталды.  

Тез қарқынмен салғаны жақсы-ау, бірақ құрылысшылардың баспананың сапасына көп көңіл бөлгенін қалаймыз. Атырау облысында жел сәл күшейсе, әдеттегідей, жаңа салынған тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың шатырлары ұшып кетеді. Журналистердің осы тілегіне Жантөреев былай деп мәлімдеді:

Мұның себебі, көбінесе құрылыс жұмыстары қыста жүргізіледі, сондықтан да жұмыс сапасы ақсайды. Енді ғимаратты салу жұмыстарының жауапты кезеңдері күзгі-көктемгі маусымға тура келмейтіндей етіп, нысан құрылысын бірнеше жыл бұрын жоспарлау ұйғарылды.  

Баспана құны туралы сұраққа жауап берген ол құрылыстың несиелік пе, арендалық баспана ма және т.с.с. қандай мемлекеттік бағдарлама бойынша жүргізіліп жатқандығына байланысты екенін атап өтті. Бірақ, орташа алғанда бір шаршы метр 180-нен 200 мың теңгеге дейін тұрады.

– Сапасы жақсарған сайын да бағасы өсуде, мәселен, бұрын сыртқы әрлеу жұмыстары деп үйдің сыртын бояйтын болса, енді ғимаратты кірпішпен қаптау ұйғарылды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

2 мамыр 2017, 16:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.