Атырау облысында мемлекеттік-жеке серіктестік аясында балабақшалар құрылысын бастауға әзір тұрған ірі компаниялар аз емес. Қазіргі кезде 20 нысанға жобалау-сметалық құжаттама дайын тұр, оған мемлекеттік сараптамада жасалуда.
Бұл туралы Атырау облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Мерей ЖАНТӨРЕЕВ Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әңгімеледі. Ол мектеп және мектепке дейінгі білім беру нысандарына жете тоқталды. Жылыой ауданының Жаңа Қаратон поселкесіндегі 280 орындық балабақша мен Қосшағыл және Тұрғызба ауылдарындағы 160 орындық екі балабақша құрылысы аяқталды. Ал қазіргі уақытта 2 435 орындық 11 балабақша салынуда. Жергілікті бюджет қаржысына: Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында, Индербор поселкесінің Шығыс ықшамауданында - әрқайсысы 290 орындық, Қызылқоға ауданының Тасшағыл және Қарабау ауылдарында - әрқайсысы 100 орындық, қала маңындағы Геолог-2 поселкесінде 165 орындық бес балабақша салынуда. Қалғандары демеуқаржы есебімен: Доссор поселкесінде 100 орындық шипажай түріндегі балабақша, Нұрсая ықшамауданында 320 орындық, Еркінқала ауылында 290 орындық балабақша, Құлсары қаласында әрқайсысы 290 орындық екі балабақша, Ганюшкин ауылында 200 орындық бір балабақша салынып жатыр.
2017 жылы салуға жоспарланған 11 балабақшаның тек біреуі (Қызылқоға ауданының Қарабау ауылындағы 100 орындық) ғана жергілікті бюджет есебінен, қалғандары: Құрманғазы ауданы Ақкөл ауылындағы, Атыраудағы Самал ықшамауданы мен Аққыстау ауылындағы 290 орындық, Жылыой ауданы Майкөмген ауылындағы 100 орындық, Доссор поселкесі мен Құлсары қаласындағы 280 орындық екі балабақша; қала маңындағы Тасқала ауылы мен Индербор поселкесіндегі 290 орындық; Исатай ауданы Зинеден ауылындағы 100 орындық балабақша демеуқаржыға салынатын болады. Бүгінде Атырау облысында барлығы 3 426 орындық 14 мектеп салынуда. 1 қыркүйекке қарай Нұрсаядан 624 орындық мектеп пен техникалық гимназияны ашу жоспарланып отыр. Жергілікті бюджет бес нысан салуда, соның ішінде, төртеуі: орта мектеп (Сағызда 424 орындық, Приморье ауылында 300 орындық, Құрманғазы ауданы Жалғызапан ауылында 80 орындық, Құрманғазы ауданы Қызылоба ауылында 80 орындық) және Индер ауданы Жарсуат ауылындағы музыка мектебі. Демеушілер Махамбет ауданындағы Береке ауылынан 250 орындық, Атырау қаласы Ақжайық ауылындағы, Индер ауданындағы Аққала мен Ынтымақ ауылдарының мектептерін (барлығы 120 орындық), Исатай ауданы Қызылүй ауылындағы 80 орындық, Атыраудың Жұлдыз ықшамауданындағы 624 орындық, Индер ауданы Құрылыс ауылындағы 100 орындық орта мектептерді салуды өз мойындарына алды. Бұдан басқа, Атырауда Нұрпейісова атындағы музыка колледжінің 100 орындық жатақханасы салынуда.
Атыраудағы балалар оңалту орталығына жалғаманың, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясына 250 орындық жалғаманың, Құлсары қаласындағы 300 орындық №5 орта мектеп пен 624 орындық №6 орта мектептің, Қызылқоға ауданы Жантерек ауылындағы 60 орындық бастауыш мектебінің, Индер ауданы Бөдене ауылындағы 100 орындық балабақшаның, Көктоғай мен Аққала ауылдарындағы әрқайсысы 90 орындық балабақшаның және Мақаттағы 160 орындық екі балабақшаның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Биыл Құрманғазы ауданы Жасталап ауылынан 80 орындық Уәлиханов атындағы мектептің, Атыраудағы Ракуша ауылынан 300 орындық орта мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА