Атырау, 23 қараша 00:37
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Зиратқа «кездейсоқ» барған ба?

5 555 просмотра


«АЖ»-ға қаладағы христиандар зиратының жағдайын айтып, іші қоқысқа толы, металл қоршаулар жоқ болып кетеді деп шағымданатын оқырмандар үнемі қоңырау шалып тұрады. Ал егде жастағы қала тұрғыны Иван Георгиевич, мәселен: «Мен жақын туысымды жерлеу және басқа жоралғылардан бөлек «Тіркеу және жерлеуге рұқсат» үшін 10 мың теңге төледім. Бұл қандай «рұқсат» өзі? Неліктен түбіртек фискалды чексіз берілген?» деп сұрайды.

Оқырманның сұрағы назар аударуға тұрарлық. Бұдан бұрын «АЖ»-ның «сұрақ-жауап» айдарында Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИ: «Жоралғы қызметін жүзеге асыратын заңды тұлғаның құрылу нысанына қарамастан, жер телімі тегін беріледі» деп хабарлаған еді. 


Сөйтіп, мен бәрін өз көзіммен көріп, зиратты сенімді басқаруына алған «Спец Бюро» басшылығына сұрақтар қою үшін сол жерге бардым. Бұл Радоницамен – марқұмдарды еске алу күнімен сәйкес келді. Сондықтан халық көп екен. Сол күні таңертең Михаил есімді ер адам маған толық экскурсия жасауға келісті. Бейіттердің арасымен жүз метр де жүрместен, қолқаны қапқан жағымсыз иісті сездім.

- Ал бұл мал соятын жерден келіп жатыр, - деп түсіндірді Михаил. – Ол тек жақында ғана пайда болды және зиратқа іргелес тұр.

Қоқыстарға келер болса, оқырмандар бос сөйлемепті. Қатты тұрмыстық қалдықтардан тұратын қоқыс, пластик ыдыстар, қураған шөптер, бұталар мен ескі гүлдестелерді зират ішіндегі жол жиектерінен, бейіттер арасынан кездестіруге болады.


- Оны ешкім жинамайды деуге болады, тек көзбен айқын көрініп тұрғандарын болмаса, - деп растады Михаил. Бұдан басқа, Михаилдың айтуынша, соңғы кездері шойын қоршауларды ұрлау жиілеп кеткен. Шамасы, арсыз ұрылар оларды металл сынықтары ретінде тапсыратын шығар.

- Несін айтайын, жақында туыстарымның бейітін осылай жалаңаштап тастады, - деп күрсінді Михаил.

…«Спец Бюро» кеңсесінде үстел басында келушімен бір жас әйел әңгімелесіп отырды. Мен өзімді таныстырып:

- Біздің оқырмандарымыз айтып жатыр... – деп бастай беріп ем...

- Мәскеуде әтештерді сауып жатыр екен дей ме, не керек еді?

Әңгімеміз осылайша басталды. Викторияның (өзін осылай таныстырды) айтуынша, келушілердің өздері ластап тастайды, ал ЖШС қызметкерлері үнемі тазартып, әр апта сайын қалдықтарды полигонға шығарып, техника үшін ақы төлеп тұрады екен. «Тіркеу және жерлеуге рұқсатқа» қатысты (бұл прайс парағындағы алғашқы жол) ақыры түсінік ала алмадым:

- Бұл орын үшін төлемақы ма?

- Жоқ, о не дегеніңіз, бұл біздің жеріміз емес.

- Ендеше адамдар не үшін 10 мың төлеп отыр?

- Тарифтерді мұқият оқыңыз және мені алаңдатпаңыз, жұмысым көп, - деді Виктория қолын сермеп. – Жалпы, бұл жерде мен басшы емеспін.

Басшылық қайда деген сұрағыма, ол жол жүріп кеткенін айтып, телефон нөмірін беруден бас тартты. Сондықтан басшылармен тілдесіп, бүкіл сұрақтарды анағұрлым сабырлы қалыпта анықтау мүмкін болмады. Ал келесі күні егжей-тегжейді нақтылау үшін Викторияға қоңырау шалғанымда, ол «мен ол жерде көптен бері жұмыс жасамаймын, кеше кездейсоқ барған едім» деп мәлімдеді. «Жұмысым көп» дегені қайда?..

Марат ТАКУЛИН 

Суретті түсірген автор

27 сәуір 2017, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.