Атырау, 27 қараша 15:25
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Хайп, Атырау

Бейнежазба
5 057 просмотра

Атырау облысының жүздеген тұрғыны бір инвестициялық компанияның қызметіне өз қаржыларын салған. Оның кеңсесі мұнайлы астананың орталығындағы аса танымал емес сауда үйінде орналасқан. Мен ол жерге еш ескертусіз бардым. Жалпы ешкімге ескертіп те қажет емес. Бұл кеңсенің есігі барша жан үшін әрдайым ашық.


ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕ

Компания оның ресми сайтында жазылғандай, Испанияда тіркелген. Ол бүкіл дүние жүзіндегі ықтимал инвесторларға қызықты ұсыныс жасайды. Мына цифрлар адамға қатты әсер етеді: айналым капиталы – 262 млн еуро. 6 жыл ішінде компания қызметкерлері 800-ден астам келісім жасаған, ал жалпы, 52 елдің инвесторлары жылына 180 млн еуро пайда алады. 
Қазақстандық сайтта орналасқан бейнероликке сүйенсек, оның қызметкерлері банктерден қарыз міндеттемелері бойынша пакеттер сатып алады. Содан кейін оларды қайта құрылымдап, коллекторлық агенттіктерге өте тиімді бағамен сатады. 
Тәуекел етіп, инвестор болғандардың әңгімелеуінше, Атырауға «испандықтар» өткен жылы келген. Біреулерге, тіпті, жақсы дивидендтер алу мүмкін болыпты. Бұл тек басы ғана, дейді салымшылар сеніммен. 


ЖАЗЫЛ ДА, ТАҒЫ ЕКІ АДАМ АЛЫП КЕЛ
Атырау кеңсесі – дөңгелек үстелі, столы мен қабырғада проектор экраны бар шағын бөлме. Мені өзін Берікпін деп таныстырған жас жігіт қарсы алды.
- Менің досым бұл жерде көп уақыттан бері инвестор болған еді. Өткен жылы мені қатысуға шақырды. Мен жай әншейін сөз ғой деп, қолымды сілтеп жүргенмін. Екі ай бұрын байқап көргем, енді неге оны ертерек тыңдамадым екен деп өкініп жүрмін. Ендігі жоғары биіктікке шығар едім, - дейді Берік.
Ол ұзақ уақыт бойы маған түрлі инвестициялық портфельдер, салым сомасы, пайыздарды есептеу жүйесі, көтерілу бағдарламасы, серіктестік бағдарламасының түрлі деңгейіндегі сыйақылар туралы әңгімеледі. Бірақ, бастысы – бұл жерден тез және көп ақша табуға болады. Бұл үшін ештеңе жасаудың қажеті жоқ.
Компания 11 портфель ұсынады. Айырмашылығы – клиенттің қанша ақша салуға әзір екендігінде. Ең аз сома – 90 еуро, ең ірісі – 500 мың еуро.
Көз жеткізу үшін Берік маған ұялы телефонынан «инвестордың жеке кабинетін» көрсетті.
- Ал егер мен компаниядан шыққым келсе ше? Өз ақшамды кері ала аламын ба?
- Салымдар бір жылға салынады. Осы уақыт өткенше сіз тек апталық сыйақысын ғана ала аласыз. Бірақ, бұл соңы емес, - деп әсерлене жалғастырды Берік. – Серіктестік бағдарламасына қатысуға болады. Өзіңнің қол астыңа екі адам жазу керек. Сіз жазған екі адамнан сізге пайыз түседі. Олар да өз кезегінде екі адам алып келеді, олардың салымдарынан да тұрақты түрде бонус алып отырасыз. Қысқаша айтқанда, сіз өзіңіз құрған бүкіл сызбадан кіріс алып отырасыз. Мен, мәселен, 70-тен аса адам жаздым, олардың 39-ы инвесторларға айналды, мен қосымша табыс алып отырамын.
- Мансап баспалдағымен тезірек көтерілу үшін мен алдымен бүкіл отбасымды жазуды ұсынар едім. Сіз 90 еуро салдыңыз, отбасы мүшелеріңіздің бірі де 90 еуро салды, ал үшіншісі – 21 мың еуро салды делік. Сіз өте жақсы кіріс аласыз, - деп нақтылады Берік, содан соң сөзін жалғастырды:
- Біз туралы бұл украиндықтар ұйымдастырған және Балкан елдерінде тіркелген пирамида деген көп қауесет айтылып жүр. Мұның бәрі өтірік сөз.
- Инвесторлар ақшаларын қайда салады? Егер пирамида болмаса кірістер қайдан келеді?
- Біздің компанияда 25 брокер жұмыс жасайды, әрқайсысының өз бағыты бар. Біреуі құнды қағаздар нарығында ойнаса, енді бірі бағалы металдарға салады. Әртүрлі. Бұлар нағыз мамандар. Олардың кәсіпқойлығы арқасында нақты пайда көріп отырмыз.


ИСПАНИЯНЫҢ ЕЛЕСІ ДЕ ЖОҚ
Міне, былай екен. Мен Интернетті қопарып, көптеген қызықты ақпараттар таптым. Әңгіме болып отырған компания хайп (HYIP) екен. Бұл қаржы пирамидасы принципі бойынша жұмыс жасайтын инвестициялық қор. HYIP аббревиатурасы High Yield Investment Program деген сөз. Мұны жоғары табысты инвестициялық жоба деп аударуға болады. Іс жүзінде хайп пен пирамида – екеуі бір нәрсе. Бірақ, хайп өзін қор ретінде көрсетеді және көбінесе жеке өкілдігі жоқ интернет жоба болып табылады. Мұндай жобаларда, әдетте аңызы болады. Соның көмегімен олар ықтимал инвесторға компанияның салымшыларға ақшаны қалай төлейтіндігі туралы түсіндіреді. Мойындау керек, олардың кейбірі расымен де шынайы болып көрінеді. 
Мен әртүрлі ресурстар бойынша осы компанияның сайтын тексеріп шығып, келесіні анықтадым. «Жаңа ашылған домен, бір жылға жетпейтін уақыт бұрын тіркелген. Біз сайтқа кірушілердің көпшілігінің Германиядан екенін, ал хостингтің АҚШ-та орналасқанын анықтадық», - делінген ресурстардың бірінің аналитикалық есебінде. Енді бірінен осы компанияның сайты қаншалықты танымал екенін анықтамақ болдым. 
Шамамен бір күн ішіндегі мәліметтер: кірушілер - 4 846, көрушілер - 19 386. 52 елде клиенттері бар әжептәуір компания үшін, айту керек, бұл аздау. 
Ел бойынша сайтқа кіру статистикасы сайтты негізгі қолданушылардың бұрынғы кеңестік дәуір мемлекеттерінің тұрғындары екенін дәлелдейді. Егер компания шынымен де Испанияда тіркелген болса, неліктен ол сол жақта танымал емес? Мұның бәрі хайпқа маңыздылық беру үшін, оны Испаниядан шыққан, ойлап тапқан аңыз деп жорамалдауға негіз береді.
Ал іс жүзінде ол Кабо-Верде республикасында тіркелген. Бұл батыс Африканың жағалауынан 620 км қашықтықта орналасқан Атлант мұхитындағы Жасыл Мыс аралдары. Осы компанияға қызмет көрсететін банк те осы жерде орналасқан. Бұл жерде Испанияның елесі де жоқ.



«КӨЗІ АШЫҚ, САҚ АДАМ ЕДІ»
Өз ақшаңды тәуекелге салған жөн бе? Меніңше, жауабы айқын. Алайда, атыраулықтар арасында қаржы салғандар, соның ішінде, қалаға танымал кейбір кәсіпкерлер жеткілікті. Десек те, көпшілігі – қарапайым, ауқатты емес, тезірек және еш күш салмастан аз ғана қаржыларын көбейткісі келген адамдар. Маған кеңесшім кеңес бергендей, адамдар бұл жүйеге бүкіл отбасымен кіріп, өз достарын, таныстары мен туыстарын жазылуға үгіттейді. Кейбіреулері жеңіл ақша қуып, өз жылжымайтын мүліктерін сатуға дейін барған. Көп кешікпей олардың көбі дымсыз қалатындығын түсіну үшін Нострадамус болудың қажеті жоқ. Өз ақшаларының ең болмаса бір бөлігін қайтарып алулары да екіталай. Сотқа талап арызбен Кабо-Вердеге бармайды ғой.
Бір танысым менің осы тақырыпты қолға алғанымды білген кезде, маған мынадай шынайы хикаяны айтып берді: 
- Туысым бүкіл отбасымен осыған ұқсас пирамидаға қаржы салған еді. Жақсы жұмысы бар, көзі ашық, өте сақ адам. Шығу тегі Украинамен және Балканмен сабақтасып жатқан осы пирамидада көптеген шенеуніктер, бизнесмендер болған. Ол дивидендтер алып тұрды, мені де үгіттеді. Енді-енді Черногориядан пәтер алатындығын айтты. Бәрі үгіттей бастады. Жұбайым шыдай алмай 200 доллар салды, бір айдан кейін оған 350 қылып қайтарып берді. Бір сөзбен айтқанда, адамды қатты еліктіреді. Бірақ, бір күні туысым 20 мың долларын жоғалтты. Ал бұл істің негізін салушылар ғайып болды. Содан ол Киевтегі осы компания тіркелген кеңсеге барған. Ал ол жерде мүлдем басқа адамдар отыр екен. 
Тамара СУХОМЛИНОВА

P.S. Материал баспаға дайындалып жатқан кезде осы бейнематериал пайда болды.


Тамара СУХОМЛИНОВА

26 сәуір 2017, 16:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.