Индер ауданы Есбол ауылында жасы 90-ға келсе де баяғыша асүй тірлігімен айналысып, мұны жаны сүйіп жасайтын Ағиба ҚАЛБАҒАЕВА есімді әжей тұрады.
- Келіндеріме қарап, үйдің бар тірлігін соларға артып, қол қусырып отыра алмаймын. Олар жұмыста болса да, болмаса да асүй менің сүйікті орным болып қала береді. Олар тек сиырды сауып береді, ал ары қарай оның өнімін ұқсатуды өз мойныма аламын. Ірімшік, сүзбе, құрт жасаймын. Қаймақ, май жинаймын. Өрік пен мейіз дастарханымнан түспейді, - деп күйбеңдеген әжей дастархан әзірледі.
Біз көмектеспек болып едік, бірақ Ағиба әжей көмектен бас тартты. Дастарханға картоп езбесі салынған бәліш пен иісі бұрқыраған шай да келді.
- Апа, әкеліңіз мен шай құяйын...
- Жоқ, айналайын, қысылма. Қыздарым төркіндеп келгенде де бұл орнымды бермеймін. Шайды өзім, болмаса келіндер құяды.
- Әже, айтыңызшы, сіз шынымен де 90 жастасыз ба?
- Е, маған сенбей отырсыңдар ма? Міне, «метрикам», бір айдан асқаннан кейін 90 жасқа толады екем. Өтірік айтып не қылайын? Елтай ауылының «Шарбаққұдық» деген қыстағында дүниеге келіппін. Жоқшылық кез, тұрмыс нашар. Бірақ, соған көндіккен адамдармыз.
Әже тілдей-тілдей газет қиындыларын алдыма қоя бастады. Не керектінің бәрін табасың. Тіпті, өзі жазған мақалалары да бар. Ол әлі күнге дейін аудандық газетке мақала жазады екен.
- Газетсіз отыра алмаймын, соны асыға күтіп отырамын, - дейді ол.
Ағиба әжей бес ағайынды. Құмның бар баласы жеті шақырымдағы «Терек» деп атанған шегеннен салған қыстауда оқитын. 1939 жылы Елтай ауылына көшіп келіп, бесінші класты сонда жалғастырған. Ал 1941 жылдың мамырында анасы қайтыс болып, әкесі Бағыт бес баламен қала береді. Ал кейін соғыс басталады.
- Анамызды жоқтап жүргенде әкеміз де соғысқа аттанды. Тіпті соғысқа жасы жетіңкіреген жоғары кластың оқушыларын да әкетіп, тірліктің бар ауыртпалығы бізге түсті. Оның үстіне сүзек шығып, біраз сәбилер шетінеп кетті. Тамақ жетіспеді, бірақ біз шыдадық. Соқаға өгізді жегіп, жер жыртатынбыз. Күзде жиналған тары мен бидайды орылғаннан кейін атпен бастыратын. Одан қалғанды үй-үйге таратып береді. Анда-санда карточкамен айға адам басына үш келі астық береді, оны быламық қылып ішеміз. Өлместің күйін кештік, - деп еске алады Ағиба әжей.
Мектеп директоры Мұқанғазы СИРАНОВ Ағиба оқыған интернаттағы әбден аштықтан титықтаған балаларға тамақ бергізіп тұрды. Сабақтан шыққасын бар бала түстіктерін ішісімен ауыр жұмыстарға жегілетін. Буындары қатпаса да мігір таппастан колхоздың бар жұмысын атқарысатын, шөп шауып, оны қыстақтар басына жеткізетін. Жесір әйелдер де осындай қиындықтарды басынан кешіре отырып, қалғып-мүлгіп отырып, өздері жалаң аяқ жүрсе де ұршық иіріп, әскерге арнап нәски, қолғап тоқитын. Өз балалары шүберектен аяқ киім киіп жүрсе де бәрі майдан үшін деп сонда жіберетін. Суды иінағашпен Жайықтан тасып ішіп, отынды қидан дайындап алатын.
- Сегізінші класты бітіргесін мектеп директоры шақырып алып «Бахитова, сен Андрейге (қазіргі Есбол ауылы) үш айлық май тартатын курсқа барасың», деді. Оны бітіріп келіп, Елтайдан 20 шақырым жердегі сиыр фермасына жұмысқа жіберді. Әкем соғыстан аман-есен оралып, қырдан құмаршық пен қияқтың сұлысын жеткізіп тұратын. Біз содан кейін жетіліп кеттік. Бізде балалық шақ осыдан кейін қайдан болсын, - дейді Ағиба әжей.
Ол 20 жасында колхоз председателі Қапиз ҚАЛБАҒАЕВҚА тұрмысқа шығып, 13 балалы болады.
- Апа, денсаулығыңыз қалай?
- Былтыр көзім ауырып, ота жасатқанмын. Маған жиырма жыл бұрын айтқан, көнбеп едім, ақыры отаны да көруге тура келді. Басқа жерім ауырған емес. Маған көбі тоқсан жасқа келсеңіз де жақсы сақталғансыз деп айтады.
- Шынымен де солай.
- Адам үнемі қимыл-қозғалыста болуы керек. Мен пеш түбінде отыратын кемпір емеспін. Сүт өнімдерін дайындаймын, нан, түрлі ыстық тағамдар пісіремін. Одан қалса бақшамыз бар, соны күтемін. Адам денсаулығына асқабақ пайдалы. Тағамды талғап жеп, жүре берсең тізеге тұз да жиналмайды, өзіңді жеңіл сезінесің. Балаларымның көмегінсіз қалаға өзім барып келе алам. Такси толып тұр, сұраныс бересің болды. Ұзақ жасаудың түк сыры жоқ, құпиясы да жоқ. Бәрі адамның өзінің көңіл күйіне байланысты.
- Тойларға барып тұратын боларсыз?
- Барып тұрамын. Біз ауылда бір топ адам қыдырамыз, енді бәрін қонаққа шақыру менің кезегім. «Адамды адам еткен еңбек» дейді, сондықтан еріншектік пен бойкүйездіктен арылған адам қандай жетістіктерге жете алады. Мен әлі таяқ ұстамаймын. Адам өзін сергек ұстауы керек.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор