21 сәуірде Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ-де «Жас маман» түлектер жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Биыл университетті 1 635 студент бітіргелі отыр, олардың 679-ы күндізгі бөлім бойынша (кешкі – 594, сырттай – 362 студент).
Университеттің соңғы курсында оқып жатқан Дина ТАЛҒАТҚЫЗЫ Құрманғазы ауданы Ганюшкино селосында туған. Қазіргі таңда физика-математика факультетінің стандарттау, метрология және сертификаттау мамандығын алғалы отыр. Бүгін «Атырау Жарық» АО өкіліне өз түйіндемесін алып келіпті:
- Менің түйіндемемді қабылдап алды. Құрманғазы ауданындағы филиалда жұмыстың реті болып қалуы мүмкін екенін айтты, - дейді Дина.
Сонымен қатар осы күні ауылдық квота бойынша грантқа түскен студенттерді ауылдарға бөлу бойынша үлкен жиын өтті. Айта кетейік, ауылдық квота бойынша грантқа түскен студент оқу орнын тәмамдаған соң ауылдық жерде үш жыл жұмыс жасауға міндеттеледі. Егер жасамайтын болса, төрт жыл бойы оқу ақысы өндіріліп алынады. Бұл туралы АМУ Академиялық мәселелер департаментінің директоры Асхат ЧУКУРОВ айтып өтті.
- Ауылдық квота бойынша бұрын педагогикалық мамандықтар бөлінсе, биылдан бастап техникалық мамандықтар қосылды. Бүгін бұл мақсатта облыстық, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің өкілдері, колледж және мектеп директорлары қатысып отыр. Бұл квота бойынша студент міндетті түрде жұмыспен қамтылады. Егер ауылдық квотамен бітірген студент магистратураға түссе, онда үш жыл жұмыс жасауы керек деген міндеттемеден құтылады. Студенттердің барлығын дерлік жұмысқа орналастыруға тырысамыз, - деді А.Чукуров.
Алтын ТӨРЕҒАЛИЕВА ауылдық квота бойынша Құрманғазы ауданына жолдама алған:
- Мен қазақ сыныптарына орыс тілінен сабақ беремін. Қазіргі кезде туған ауылым Котяевкадағы мектепке жолдама алдым. Енді үш жыл ауылда жұмыс жасаймын, - деп отыр.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор