Атырау, 27 қараша 16:55
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Бүлінген жолдар қайта жөнделеді

3 029 просмотра


Біз бұрын да Жылыой және Индер аудандарында сапасыз жасалған жолдар туралы жазғанбыз. Бұған жауапты тапсырысшылар күн жылына мердігерлер іске кіріседі деп те уәде берген болатын. Алайда, көктемнің екі айы өтсе де жолды жөндеп жатырған ешкімді көрмедік.

ЖЫЛЫОЙ АУДАНЫ. Өткен жылы бюджет қаржысынан 54 млн теңге бөлініп, Құлсары қаласындағы 25 мың шаршы метр жолдың ой-шұңқыры жөнделетін болды. Бұған Махамбет даңғылы, СМП-224, Төлес көшелеріндегі жолдарды жамап-жасқау ілігіп,  жөндеу жұмыстары күн суықта жүрген болатын. Ал күн жылына асфальт жабындысы бүліне бастады (суреттерде).

Жылыой аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер бөлімінің басшысы Ернар ЫСМАҒҰЛОВ жұмысты жасаған мердігер «Атыраукөлік» ЖШС-нің кепілдік мерзімі 2017 және 2018 жылдар екенін айтты.

- Осы жылдарда мердігер кем-кетікті өз қаржысымен жөндейтін болады, - дейді Е.Ысмағұлов. - Бұл күрделі жөндеу емес, ой-шұңқырды жамап-жасқау жұмысы. Біз көктемде жаңбырдың жиі жауатынын ескеріп, күннің әбден жылынғанын күтіп отырмыз. Жөндеу жұмысын сәуірдің аяғында бастап, мамырдың аяғында бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.

Алайда күзгі лайсаң мен қысқы ызғардың мердігерлерге бюджет қаржысын құртып, балшықты күні жолды тегістеуге кедергі болмағанын айта кету керек.



ИНДЕР АУДАНЫ. Индербор кентіндегі ең ұзын Қонаев және Тұхфатов көшелерінің шұңқырлы жолдарын қалыпқа келтіруге бюджеттен бөлінген қаржы - 3 млн 600 мың теңге. «БекетСәтЖол» ЖШС де күн суықта жөндеу жүргізгенімен, жұмыс сапасы Жылыой ауданындағыдай болып шықты.

Округ әкімі Алмас ҚҰСАЙЫНОВ ЖШС-нің кешікпей қалпына келтіру жұмыстарына кірісетінін айтты.

- Мердігер бұл жұмыстарды келесі жылдың ортасына таман бітіреміз деп сендіріп отыр, - дейді А.Құсайынов.

Мердігердің бюджет қаржысын игеруге анағұрлым аз уақыты кеткен еді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

24 сәуір 2017, 16:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.