ЕҚЫҰ-ның хабарлауынша, қайғылы оқиғада жараланған екі қызметкер ауруханада жатыр. Украина сыртқы істер министрлігі Азаттыққа АҚШ азаматының қаза тапқанын растады. АҚШ мемлекеттік департаменті таратқан мәлімдемесінде Вашингтонның америкалық азаматтың қазасынан "есеңгіреп, қамыққанын" айтады.
"Бұл қаза миссия бақылаушылары қандай қауіпті жағдайда да, оның ішінде қауіп-қатер мен қысымға қарамастан жұмыс істейтінін көрсетеді. АҚШ Ресейді сепаратистер ЕҚЫҰ-ның ашық, уақытынан кешікпей, жан-жақты тергеу жүргізуіне рұқсат беруіне ықпал жасауға шақырады" делінген мемлекеттік департамент мәлімдемесінде. Қаза тапқан америкалықтың аты-жөні әзірге аталған жоқ.
ЕҚЫҰ аймақта ресейшіл сепаратистер мен үкімет әскері арасындағы бітімді бақылау үшін Донбасқа кірген 2014 жылдан бері бірінші рет адам шығынына ұшырап отыр.
Дереккөз: Азаттық