Ресейдің Қиыр Шығысындағы Хабаровск қаласында Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) жергілікті басқармасының қабылдауына шабуыл жасалды деп хабарлады Азаттықтың Орыс редакциясы.
Арнайы қызметтің ақпаратына қарағанда, шабуылдан ФСБ қызметкері мен басқарманың қабылдауына келген адам - ТМД елдерінің бірінің азаматы қаза тапқан. Сонымен бірге қабылдауға келген тағы бір шетелдік жараланған. Шабуыл жасаған адамның өзі өзге ФСБ қызметкерімен атыста оққа ұшқан.
ФСБ белгісіз қарулы адамның жергілікті басқарманың қабылдауына басып кіріп, оқ атқанын айтады. Оқиға орнында жедел тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Куәгерлердің хабарлауынша, басқарма орналасқан аудан қоршалып, қоғамдық көлік маршруты өзгерген, ұялы байланыс қызметі өшіріліп жатыр. Оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмыс істеп жатыр.
Дереккөз: Азаттық