Талдау қорытындылары Сириядағы ықтимал химиялық қару қолданылған шабуылда жүйке жүйесін зақымдайтын әсері бар зарин газы әлде соған ұқсас улы зат қолданылғанын көрсетіп отыр деп хабарлады халықаралық Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым (OPCW). Ұйым басшысы Ахмет Узюмджю шабуылдан зардап шеккен 10 адамнан алынған сынаманың төрт лабораторияда зерттелгенін айтады.
Жүргізілген зерттеулер зардап шеккен сириялықтардың зариннің, я соған ұқсас әлдебір заттың әсеріне ұшырағанын меңзейді. Узюмджюдің сөзінше, бұл зерттеулердің нәтижелеріне күмәндануға болмайды. Дегенмен, зерттеулерді одан ары жалғастыру жоспарланып отыр.
Сирияда Идлиб провинциясының Хан-Шейхун қаласында 4 сәуірде химиялық қару қолданылған болуы мүмкін шабуылдан 80-нен астам адам қаза тапқан. Сириядағы оппозициялық топтар, АҚШ пен оның одақтастары шабуылды Сирия президенті Башар Асад күштері жасады деп біледі. Ал Асадтың одақтасы Ресей улы газ ауаға Сирия авиациясы қарулы көтерілісшілердің қару-жарақ қоймаларын бомбалау кезінде таралған болуы мүмкін дейді. Бірақ Батыс елдері мұны жоққа шығарады.
Дереккөз: Азаттық