Түркияның Жоғарғы сайлау кеңесі елдегі ірі оппозициялық партиялардың бірі - Халықтық республикалық партияның (ХРП) президенттің өкілетін кеңейтетін референдум қорытындысын жою туралы талап арызын қабылдамай тастады.
ХРП талап арызын 18 сәуірде білдірген еді. Партия референдумды дауыс беру процедурасы бұзылғандықтан, оның ішінде мөр басылмаған бюллетеньдер пайдаланылғандықтан заңсыз деп тануды талап еткен. Жекеменшік NTV телеарнасы Жоғарғы сайлау кеңесіндегі дауыс беру барысында кеңестің 10 мүшесі референдум нәтижесін жоюға қарсы, бір мүшесі қолдап дауыс берген.
16 сәуірде Түркияның орталық сайлау комиссиясы референдумда конституцияға елде президенттік басқару формасын күшейтетін 18 өзгеріс енгізуді сайлаушылардың 51,3 пайызы қолдап дауыс бергенін хабарлаған. Президент Режеп Ердоғанның қарсыластары енгізілетін өзгерістер елде бір адамның басқару жүйесін орнықтырып, демократиялық тепе-теңдікті сақтау тетіктерін жояды деп санайды. Түркия президенті еуропалық бақылаушылардың дауыс беруде заң бұзылғаны туралы есебін қабылдамай, "Түркия саяси астары бар есептерді көрмейді, естімейді және мойындамайды" деп мәлімдеген.
Дереккөз: Азаттық