Атырау, 27 қараша 16:50
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Атырау 13 жылдан соң қандай болады?

4 553 просмотра
Төлеп ОРЫНБАСАРОВ.

18 сәуірде өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Төлеп ОРЫНБАСАРОВТЫҢ қатысуымен брифинг өтті.

2013-2016 жылдары облыстағы 143 елді мекеннің, соның ішінде Атырау қаласының құрылыс жоспары әзірленді. 2015 жылы облыс орталығында қала маңындағы ауылдық округтерді қосқанда 314,5 мың адам тұрған. Бас жоспарда 2030 жылға қарай Атырау халқы 350 мыңға дейін көбейеді деп қарастырылған.

Жоба бойынша қала алаңы үш есеге көбейіп, Махамбет ауданының Береке мен Алмалы ауылдарын қосқанда 46 мың гектарды құрайды. Ол 16 ықшамауданға бөлінеді. 30-жылға қарай әлеуметтік инфрақұрылым қалыпты жұмыс жасауы үшін тағы 83 балабақша, 45 мектеп, 20 емхана, бес аурухана, алты ДСК және үш Мәдениет үйі салынуы қажет.

2017 жылдың 1 сәуіріндегі ахуал бойынша, тұрғын үй құрылысы үшін жер телімінің кезегінде 100 656 адам тұр, оның 81 мыңы – Атырау қаласынан жер алу кезегінде тұрғандар. Жергілікті тұрғындардан басқа, еліміздің басқа қандай өңірлерінің тұрғындарынан өтініш түседі? Орынбасаров бұл сұраққа жауап бере алмай, тек кез келген ҚР азаматының қаламыздан жер алуға құқығы бар екенін атап өтті.

Өткен жылы Атырау ауылдық округінің Зарослый учаскесінен 720 адам жер алды. Биыл Қайыршақты ауылдық округінің Талғайраң ауылынан инженерлік тораптармен қамтылған 400 учаскені бөлуге әзірлік жұмыстары жүріп жатыр.

- Топырақтың әлсіздігінен құрылыс салуға болмайтын Атыраудың қай жерін атар едіңіз?

- Бағымызға қарай, Атырауда мұндай жер жоқ. Христиандар зиратының маңында шағын аумақ бар, ол жердегі жер қыртысында тақтатастар жатыр. Ол жерге бір қабатты баспана болмаса, көп қабатты баспана салуға болмайды.

Қаланың ескі, тарихи бөлігін алдағы уақытта күреуге қатысты сұраққа Орынбасаров бүгінгі күні Әлиев-Молдағұлова-Досмұхамедов-Тайманов; Молдағұлова-Досмұхамедов-Тайманов-Жарбосынов; Жарбосынов-Молдағұлова-Жангелдин-Байтұрсынов; Әлиев-Пушкин-Гагарин-Молдағұлова; Молдағұлова-Гагарин-Пушкин-Жангелдин көшелерімен шектелген бес шаршы алаңның толық жобаланған жоспарының әзір екендігін айтты.

- Біз бұл жерге инвесторларды тартқымыз келеді. Астанадағы секілді тәртіппен «Ақылды қала» технологиясы бойынша салынатын болады. Жақында біздің қызметкерлеріміз Астанаға барып, ондағы үйлердің қандай тәртіппен күреліп, қалай салынғанымен танысып қайтты. Бірнеше нұсқалар қарастырылуда: мемлекеттік-жеке серіктестік, инвесторлардың қаржылары және бюджеттік қаржыландыру. «Isker» компаниясының кеңсесіне жақын биіктігі 91 метр ту тұғыры салынатын жерден бастайық. Бұл жердегі қаланың сәулеттік келбетін бұзып тұрған тозығы жеткен баспаналарды күреу белгіленген, - деп сөзін аяқтады бас сәулетші.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ 

Суретті түсірген автор

19 сәуір 2017, 15:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.