Қазіргі кезде Орынбор облысындағы Иректі су қоймасынан Жайық өзеніне құйылатын су секундына 25 текше метрді құрайды. Негізгі су ағымы Жайық өзеніне құятын Сақмар, Ор, Үлкен Қомақ және Елек өзендерінен құйылады.
«Қазгидромет» РМК болжамы бойынша Елек өзеніндегі тасқын су ағыны биыл 220 млн текше метрді құрауы тиіс екен. Алайда Ақтөбе су қоймасынан Елекке қазір 360 млн текше метр су жіберілген және су әлі келуде. Бұл туралы Жайық-Каспий бассейндік су шаруашылығы инспекциясының басшысы Ғалидолла ӘЗИДУЛЛИН хабарлады. Бұл су көлемдері сәуірдің аяғында Орал қаласының шеңберінде судың 700 см-ге дейін көтерілуіне себеп болуы мүмкін (өзен арнасынан шығуы мүмкін сыни меже Оралда 591 см құрайды).
– Мамырдың ортасында осы су бізге келген кезде Атырау шеңберіндегі Жайықтың деңгейі қандай болатынын білмейміз (сыни меже - 455 см). Бірақ тасыған су Батыс Қазақстан облысының алқапты жерлеріне жайылатындықтан судың көтерілу деңгейі нашарлау болады, - дейді Ғ.Әзидуллин.
Құрманғазы ауданының Қиғаш өзенінде су тасқыны күшеюі мүмкін. Ресей сушылары қазақстандық әріптестеріне 20 сәуірден бастап Волгоград су қоймасынан лықсыма суды секундына 10-27 текше метрге дейін көбейтетіндігі туралы ескерткен.
– Қиғашта су деңгейі сыни межеге жақындайды деп жорамалдаймыз. Бұл мамырдың алғашқы күндері болады, - деп хабарлады Әзидуллин.
Облыстың шағын өзендері – Ойыл, Сағыз, Ембіде жағдай тұрақты. Су сыни межеге жетпестен, кері қайта бастаған.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ