Америка мен Мексика шекарасына тұрғызылмақ алып қорғанның құны шамамен 70 млрд долларды құрайды. Бұл туралы сейсенбі күні АҚШ Конгресі демократ-сенаторларының көмекшілері әзірлеген баяндамада айтылды.
"Бір миль үшін $36,6 (1,6 км) млн жұмсалса, ұзындығы 1827 миль (2940 км) қорғанның құны $66,9 млрд.-тан асып жығылуы мүмкін. Осылайша, АҚШ-тағы әрбір ер адам, әйел және бала қорған құрылысы үшін $200 астам ақша төлейді», - делінген жарияланған құжатта.
Сонымен бірге, Демократиялық партияның есептеуінше, «қорғанды жөндеу жұмыстары мен қызмет көрсетудің жыл сайынғы шығыны $150 млн.-ға айналуы мүмкін».
АҚШ президенті Дональд Трамп елдің Мексикамен шекарасына қорған тұрғызу жарлығына 25 қаңтар күні қол қойған болатын және оны жүзеге асыруды көп күттірмей бастайтынын мәлім етті. Республикалықтың айтуынша, қабырға биіктігі 15 метрді құрауы тиіс, ал оның құрылысына $10-12 млрд жұмсалады.
Дереккөз: ҚазАқпарат