АҚШ президенті Дональд Трамп Түркия президенті Режеп Ердоғанмен телефонмен сөйлесіп, оны өзінің құзыретін күшейтетін референдумда жеңгенімен құттықтады деп хабарлады Ақ үйдің баспасөз қызметі.
Бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаменті, еуропалық бақылаушылар мен Түркияның оппозициялық партиялары дауыс беру кезінде заң бұзушылықтарға жол берілген болуы мүмкін екеніне алаңдайтынын білдірген. Әсіресе биліктің соңғы сәтте мөр басылмаған миллиондаған сайлау бюллетенін есепке алу туралы шешімі наразылық тудырған.
16 сәуірде өткен референдумға қатысқандардың 51,3 пайызы конституцияға 18 өзгеріс енгізуді қолдаған. Сыншылардың пікірінше, конституцияға енгізілетін өзгерістер Ердоғанның билігін күшейтіп, оның қазіргі билік тармақтарының тепе-теңдігін сақтау жүйесін жоюына жол ашады.
Мемлекеттік департамент референдум нәтижесіне қатысты мәлімдемесінде Түркия билігін түрлі көзқарасты құрметтеп, оппозициялық партиялармен саяси диалогты сақтауға шақырған. "Біз Түркия үкіметі референдумда жасалған таңдауға қарамастан барлық азаматының фундаменталды құндылықтары мен еркіндіктерін сақтайды деп ойлаймыз" делінген мәлімдемеде.
"АҚШ екі жақты қарым-қатынасты нығайтуға адал болып қалады және Түркияның заңның үстемдігі мен плюрализм және БАҚ еркіндігін сақтау міндет болып саналатын демократиялық жолмен дамуын қолдай береді" деген АҚШ мемлекеттік департаменті.
Дереккөз: Азаттық