Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жаңалықтары туралы Атырау облыстық медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментінің медициналық қызметке ақы төлеу бөлімінің басшысы Жаңыл ӘМІРОВА әңгімеледі.
Біріншіден, сақтандыру қорына жарналар мен аударымдар мөлшерлемесінің көлемі өзгерді. Егер бұрын 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс берушілер 2%-дан аудара бастайды, содан соң бұл мөлшерлеме 2020 жылы 5 пайызға жеткенше өсе береді деп хабарланған болса, енді басқа цифрлар туралы әңгіме қозғалуда. 1 шідеден бастап кәсіпорындар мен мекемелер 1%, 2018 жылдан бастап – 1,5%, 2020 жылдан бастап – 2%, 2022 жылдан бастап – 3% төлей бастайтын болады. Қызметкерлердің жарналары 2019 жылдан бастап - 1%, 2020 жылдан бастап– 2% құрайды. Келісімшарттар бойынша кіріс алатын жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке тұлғалар үшін жарналар мөлшері екі ең төменгі еңбекақыдан (2017 жылғы ең төменгі еңбекақы мөлшері – 24 459 теңге) 5 пайыз кем түспеуі тиіс. Өзін жұмыспен қамтыған – меншігінде шағын шаруашылығы бар тұлғалардың, үй шаруасындағы әйелдердің жарналар мөлшері – 2018 жылдың қаңтарынан бастап ең төменгі 1 еңбекақының 5 %-ы. Халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтары үшін мемлекет келесі кесте бойынша жарналар аударатын болады: 2018 жылдың қаңтарынан бастап - 3,75%, 2019 жылдан бастап – 4%, 2022 жылдан бастап – 5%.
Екіншіден, әлеуметтік қорғалмаған топтардың 15 санатына тағы үшеуі қосылды: 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларына күтім жасайтын ата-аналар; жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері – оқу орындарын бітіргеннен кейін үш ай бойына; оралмандар мен оларға теңестірілген Қазақстан аумағында тұрақты тұратын тұлғаларға – елге келгеннен кейін бір жыл бойына.
– Жазғы уақыттан бастап бүкіл медициналық қызметтер тек сақтандыру бойынша көрсетіледі деп ойлау дұрыс емес. Бұрынғыша тегін медициналық көмектің кепілдендіріген көлемі қолданыста болады, дәрі-дәрмектер бөлініп, жедел жәрдем жұмыс жасайды, вакцина егу жүргізіледі, - дейді Жаңыл Әмірова. Сақтандыру медицинасына жеке медициналық орталықтар да қатысады.
5 сәуірде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесін анықтау үшін азаматтарды емханаларға бекіту бойынша әлеуметтік науқан басталды. Біздің облысымызда бекітілген тұрғындар тізілімінде 598,5 адам тіркелген.
- Алайда порталда адамдардың әлеуметтік-экономикалық мәртебесін бейнелейтін функция қарастырылмаған. Сондықтан біз сақтандыруға құқығы барларды белгілеу үшін тексеру жүргіземіз. Жақында қалалық әкімдікте өткен кеңесте мынадай цифрлар айтылды: Атырау облысында 147 мың адамның мәртебесі жоқ, олардың 75 мыңы облыс орталығы мен қала маңындағы округтерде, қалғандары – аудандарда. Олардың арасында базарларда сауда жасайтын, жеке тасымалмен заңсыз айналысатын және т.б. өздерін жұмысқа қамтыған адамдар көп. Сондықтан біз бекітілген тұрғындар тізілімінде көрсетілмегендерді де анықтаймыз, - дейді Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы Атырау филиалының директоры Майра ҚАШКЕНОВА.
Журналистердің сауалдарына жауап бере отырып, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Түркіменбай НҰРЖІГІТОВ сақтандыру қорындағы өз жинақтарын шетелде жүргенде қазақстандықтардың пайдалана алмайтынын атап өтті. Қор тек ҚР аумағында ғана жұмыс жасайды. Алайда, басқа елдермен мемлекетаралық келісім жасауды жоспарлап отыр. Сол кезде турпакетке қосылатын сақтандыру қажеттілігі болмайды. Бірақ бұл келешектегі іс.
Анықтама үшін: ҚР ДСМ медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің мәліметі бойынша, 2017 жылдың қаңтарында бекітілген тұрғындар саны барлығы 17 млн 635 мың 937 адамды құраған. Оның 8 млн 460 мыңы 120-сы ер адамдар және 9 млн 175 мың 817-сі – әйел адамдар. Осы цифрлардың ішінде 18 жасқа дейінгі балалар - 6 млн-дай, 60 жасқа дейінгі белсенді еңбекке қабілетті адамдар – 9,6 млн, 60 жастан және одан жоғары жастағы егде жандар – 2 млн-нан астам. Елімізде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 479 мекеме бар. Оның 268-і қалаларда және 211-і ауылдарда. Олардың арасындағы жеке ұйымдар – 97. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында медициналық қызмет көрсететін жеткізушілер барлығы– 1 043, оның 70,4%-ы – мемлекеттік медициналық ұйымдар.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН