Мұнайлы астанада IV халықаралық «Atyrau Invest-2017» форумының жұмыс жасап жатқанына екінші күн болды. Форумға 500-ден астам мейман келді. Кешке, 11 сәуірде облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ оларды құттықтап, «AtyrauBild» және «GlobalOil&GasAtyrau» Солтүстік-Каспий көрмелерін ашты.
НЕГІЗГІ СӨЗ
Шара аясында облыстық әкімдік бірнеше елдердің дипломаттарымен және бизнесмендерімен бірқатар кездесулер ұйымдастырды. Меймандар мен қабылдаушы тарап инвестициялық мүмкіндіктерді таныстырып, бірнеше пленарлық отырыстар өткізді. «Kazenergy» төрағасының орынбасары әрі «Қазмұнайгаз» директорлар кеңесінің мүшесі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН мұнайгаз саласының дамуынан күдер үзуге ерте екенін мәлімдеді.
- Осылай деп кейбіреулер жорамал жасайды. Осыдан бір жыл бұрын кез келген адам мұнай бағасы 20 долларға дейін құлдырайды дейтін. Ал бүгінде оның бағасы 56 долларды құрады. Сондықтан мұнай негізгі нарық тауары болып қалып отыр.
- Бүгінгі күні мұнай бағасы республикалық бюджет салынған кезеңдегі болжамнан жоғары болып отыр. Жыл аяғына дейін біздің мұнайшылар қандай бағаға үміт артады?
- Мұнай бағасын болжау – ең қолайсыз іс. Бірақ, бүгінде бағаның 50-ден 60 долларға дейін тұрақтанғанын бақылап отырмыз.
- Ел бюджеті 40 доллармен қалыптастырылды ма?
- Иә, ал қазір баға 56 доллар. Бұл сіздіңше жақсы ма, жаман ба?
- Жақсы деп ойлаймын. Демек, қазір бұл маржа жинақталып жатыр ма?
- Менде жинақталып жатқан жоқ, - деп әзілдеді Қарабалин. – Ал еліміз оны қайда жіберетінін біледі.
КҮН МЕН ТҰЗ
Меймандардың таныстырылым бөлімінде әжептәуір қызықты, жүзеге асырылған идеялар айтылды. Атап айтқанда, Орынбор облысының жобалары қолдануға әбден жарамды көрінеді. Вице-губернатор Наталья ЛЕВИНСОННЫҢ айтуынша, Орынбор күн қуатын өндіру бойынша РФ-да көшбасшы болып табылады екен. Бұл факт өз басымды таң қалдырды.
- Сіз неге таң қаласыз? Иә, бізде сізге қарағанда суығырақ, бірақ бұл күн жоқ деген сөз емес қой. Бізде жылына 250 шуақты күн болады. Бұл біздің инвесторларымызды қызықтыра алатындай, оны жүзеге асыруға жеткілікті күн энергиясын алуға мүмкіндік береді. Бүгінде бізде 15 және 25 мегаваттық 3 станция дамуда.
Орынбор облысы, ресейлік шенеуніктің айтуынша, туристік кластерді де ойдағыдай дамытуда. Мәселен, 24 мың тұрғыны бар Соль-Илецк қаласына өткен жылы бір маусым ішінде 1,5 миллион турист келген.
- Ол жерде тұзды көл (бізде ондайлар көп – З.Б. ескертпесі), емдік тұзды шахталар (мұндайлар бізде де бар - З.Б. ескертпесі) бар. Үш ай ішінде бұл курортқа бір жарым миллионнан астам адам келді. Қазір біз бұл курортты жыл бойына жұмыс жасайтындай етуге жұмыстанып жатырмыз, - дейді Левинсон.
Кездесу қорытындысы бойынша форумда жалпы сомасы 3,3 млрд долларға 9 меморандумға қол қойылды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
Суретті және бейнежабаны түсірген Марат ТАКУЛИН