Утебаевтар отбасы Исатай ауданы Жанбай ауылынан төрт шақырым қашықтықта тұрады. Табылды жары Ақбөбек екеуі алты бала тәрбиелеп отыр. Олар тұрақты жұмыста жоқ, бірақ, қол қусырып қарап отырмайды, әртүрлі уақытша жұмыстарға жалданады.
- Мен мал қарау, шөп түсіру, көлік жөндеу, кезектегі қойды бағу секілді уақытша жұмыстарға жалданып, табыс табуға тырысамын. Әйелім біреудің малының ішек қарынын аршып берсе де біреуге алақан жайып, көмек сұраған емеспіз, - дейді Табылды.
Бұл тапқан-таянғанынан бөлек, көпбалалы ана ретінде және бір қызының мүгедектігіне байланысты алып отырған жәрдемақылары бар, бірақ, бұл да бірде жетсе, бірде жетпейді екен.
- Бізде газ жоқ, қыстық отын ретінде жаздай ағаш жинап аламыз. Суды каналдан ішіп отырмыз. Тек жарық бар, соған ризамыз, - дейді әңгімеге араласқан Ақбөбек.
Тағы бір қинап отырғаны - Жанбай ауылына барар жолдың ұзақтығы. Жанбай ауылына жету үшін олар жол қысқартып, канал үстінен салынған жаяу көпір арқылы өтеді. Бірақ, канал суға толғанда қатынас қиындап, балалар мектепке бармайды. Табылды ауыл әкімдігіне отбасын ауылға көшіру туралы бірнеше рет өтініш білдірген, бірақ, әзірге бәрі уәде күйінде қалып отыр.
Жанбай ауылдық округінің әкімі Дидар ЕСМҰХАНОВ бұл отбасының жағдайына байланысты былай деп жауап берді:
- Бұл жерге газ, су желілерін тарту тиімсіз. Сол себепті, қазір Утебаевтарды Жанбай ауылына көшіру үшін қосымша қаржы көзін қарастырып жатырмыз.
Суретті түсірген автор