Ресей қорғаныс министрлігі АҚШ-тың Сирияның Шайрат әуе базасына зымыранмен соққы жасағанынан соң Сирияда әуе шабуылынан қорғаныс жүйесі күшейтілетінін мәлімдеді. Министрлік өкілі Жерорта теңізіндегі америкалық әскери кемелерден атылған 59 зымыранның 23-і ғана Сирия үкіметінің әуе базасына жеткенін айтты.
Ресей президенті Владимир Путин АҚШ-тың Сирияға зымыранмен соққы жасауына байланысты қауіпсіздік кеңесінің жиынын өткізеді. Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің сөзіне қарағанда, Мәскеуге америкалық әскери-теңіз күштерінің зымыран соққысын жасауға дайындалып жатқаны туралы ескертілген.
АҚШ-тың 7 сәуірде Хомс провинциясындағы Шайрат әуе базасына соққы жасауынан жеті адам қаза тауып, жеті адам жараланған. Соққы Сирияда химиялық қару қолданылғанына жауап ретінде жасалған.
АҚШ-тың Сирияға соққы жасауын Германия, Франция және Ұлыбритания басшылары қолдады. Сирия оппозициясы да америкалық әскерилердің әрекетін құптады. Кремль бұған дейін АҚШ-тың шабуылын егеменді мемлекетке басқыншылық жасау деп атаған. Ресей Сириядағы операциялар барысында осы ел аумағында ұшақтардың ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы АҚШ-пен жасасқан келісімінің күшін тоқтатты.
Ресей 2015 жылы қарашада Сирияның Латакия провинциясындағы Хмеймим әуе базасына С-400 зымыраннан қорғаныс кешендерін жеткізген.
Дереккөз: Азаттық