АҚШ президенті Дональд Трамп ресми мәлімдеме жасап, шабуылды "айыптайтын жағдай" деп атады және оны "елемей қоя салуға болмайды" деп мәлімдеді. Ол Сирия президенті Башар Асадтың "жексұрындық қылығының" жауапкершілігін өзі "әлсіздік танытты және батыл болмады" деп айыптаған бұрынғы президент Барак Обаманың әкімшілігіне жапты.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон Сирия үкіметінің негізгі одақтастары әрі Сириядағы бітімге кепіл Ресей мен Иранның Идлибтегі шабуыл үшін "үлкен моральдық жауапкершілік арқалайтынын" мәлімдеді. Ол Мәскеу мен Тегеранды мұндай шабуылдардың қайталанбауына ықпал етуге шақырды.
4 сәуірде Сирияның солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясының көтерілісшілер бақылайтын Хан-Шейхун қаласында химиялық шабуылға ұқсас шабуылдан 58 адам қаза тапқан. Syrian Observatory for Human Rights ұйымының мәліметінше, Сирия, я Ресей авиациясы жасаған әуе шабуылынан соң ондаған адамның тыныс алуы қиындап, түрлі симптомдар пайда болған. Қаза тапқандардың көпшілігі - бейбіт тұрғындар.
Дереккөз: Азаттық