Қалалық «Сарайшық» коммуналдық базарында өткен жылдың 15 маусымына қараған түні орын алған өрттен («Сарайшық» базарындағы түнгі өрт») кейін күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл туралы редакция сауалына қала әкімінің орынбасары Мейірім ҚАЛАУИ жауап берді.
Базар сақтандырылмаған. Хатта зақымдалған жабдықтар тізімі берілген: бір жұмыс креслосы, кәмпит сатуға арналған бір үстел жиынтығы, 103 стеллаж, ет сақтауға арналған жабдықтардың 7 жиынтығы, «Нова» маркалы 15 витриналық тоңазытқыш және «Илеть» маркалы 2 витриналық тоңазытқыш. Жүргізілген сараптамаға сәйкес, базар ғимаратының өзінде зақымдалған құрылым жоқ.
Конкурс нәтижесі бойынша күрделі жөндеу мердігері «Жиенбай» ЖШС деп анықталды. Келісімшарт бойынша орындау мерзімі 2 айды құрайды, жөндеу құны 74 млн теңге. Мердігер ақпанның аяғында жұмысқа кірісті.
Күрделі жөндеуден кейін сауда орындарының саны көбейе ме, «Сарайшық» базарында сауда орнын қалай алуға болады? Бұл сұрақтарға М.Қалауи: «Жаңа жабдықтар алу, базардың қосымша қызмет көрсету, сауда орындарын бөлу мәселелері жұмыстар аяқталған соң қаралатын болады. «Сарайшық» коммуналдық базарынан сауда орнын алу үшін кәсіпкер Атырау қалалық әкімдігіне немесе базар әкімшілігіне өтініш беруі тиіс» деп жауап берді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ