Редакцияға Жылыой ауданы Жаңа Қаратон ауылының тұрғындары мал арасында аусылға ұқсас жұқпалы аурудың тарап жатқаны туралы хабарлады.
- Алғаш рет малдан аурудың белгісі наурыздың 20-сында байқалды. Әуелі аузы жара болып, сілекейі ағады, кейін қызуы көтеріледі. Осындай белгілер байқалған менің ауламдағы екі бұзау көп кешікпей өлді. Көршімнің де екі бұзауы солай өлді. Енді қалған малды аман сақтау үшін Атыраудағы «Дина» базарынан бициллин, пенициллин, «Нетокс-200» деген дәрі-дәрмектерді сатып алып жатырмыз. Әзірге малды өзіміз емдеп жатырмыз. Мал дәрігерлері бұл қандай ауру екенін әлі анықтағамаған сияқты, – дейді Жаңа Қаратон ауылының тұрғыны Шолпан ИСАЕВА.
Біз жағдайға байланысты Жылыой аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Данияр АЙПЕНБЕТТЕН комментарий беруді өтіндік:
- Аталмыш ауылда ірі қара малы арасында белгісіз ауру пайда болғалы оншақты күн болды. Бүгінде 7 бұзау өліп, 37 ірі қара ауырып тұр. Қандай ауру екені әзірге белгісіз. Біз ауру малдардан және шөп, су, жемдік қоспаның анализдерін Атыраудағы зертханалық лабороторияға жібердік. Енді оның қорытындысын күтіп отырмыз. Содан кейін бірден емдеуді бастаймыз. Ммал иелері ауру малдарды бөлек ұстап отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА