Алдын ала мәлімет бойынша Санкт-Петербор қаласында метродағы жарылғыш құрылғыны жанкешті іске қосқан. Салдарынан өзі де оқиға орнында жан тапсырған, деп хабарлайды Baq.kz ТАСС-қа сілтеме жасап.
«Тиісті зерттеулерден кейін жанкештінің болғаны анықталды. Жарылғыш құрылғы оның денесіне байланған, не ол (жарылғыш құрылғы – автор) рюкзакта болған, не ол оны қолында белінен жоғары ұстап тұрған. Бұл деректі оның жанында тұрған азаматтардың жарылыстан кейін белінен жоғары деңгейде жарақат алғандығынан байқауға болады», - дейді ТАСС-қа берген мәліметінде дереккөз.
Қазіргі таңда метродағы жойқын жарылысты ұйымдастырған азаматтың алдын ала кім екені белгілі болды.
«Оның кім екені анықталды. Ол – Орта Азияның тумасы. Жанкештінің сириялық қарулы топтармен байланысы болған», - деді ол.
Тиісті зерттеулерден кейін жанкештінің метродағы вагонның ортасында есіктің маңында тұрғандығы белгілі болды.
Сонымен қатар дереккөз Санкт-Петербор қаласындағы метрода іске қосылған жарылғыш құрылғының құрылысы «Площадь восстания» станциясында істен шығарылған құрылғыға ұқсас екені анықталған. Оның айтуынша, қолдан жасалған жарылғыш құрылғының қуаты тротилдік эквивалентте 200-300 г құраған.
«Жарылғыш құрылғының құрылысы «Площадь Восстания» станциясында істен шығарылған бомбаға ұқсас», - дейді дереккөз.
Сонымен қатар жарылған бомбаның ішінде темір түйіршіктер пен гайкалар болған екен.
Сөз соңында дереккөз тиісті зерттеулер барысында жарылғыш құрылғының өрт сөндіргіштің ішінде болуы мүмкін екендігі анықталатындығын айтты. Себебі, осыған дейін «Площади восстания» станцияда бомба өрт сөндіргіштен табылған болатын.
«Өрт сөндіргіштің тек қалдықтары қалған. Бірақ олардың салындылары бір», - деп түйіндеді сөзін дереккөз.
Айта кетейік, кеше Ресейдің Санкт-Петербор қаласындағы метрода жойқын жарылыс болды. Салдарынан алдын ала мәліметтер бойынша, жарылыстан кем дегенде 10 адам қаза тапты, зардап шеккендер саны 43-ке жетті.
Дереккөз: Baq.kz