Атырау облысында республикалық маңыздағы трасса бойынан 12 сервис орталығын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қайрат НҰРТАЕВ Атырау облыстық Қоғамдық кеңесінің отырысында мәлімдеді. Сервис орталықтары А, В және С санаттарына бөлінеді.
– Оларды салуға бюджет қаржыларын бөлу қарастырылмаған. Кәіпкерлерді тартып, мемлекеттік-жеке серіктестік механизмдерін пайдалану керек, - дейді Қайрат Нұртаев. Ең көп жарақталатын - А санатының орталығы, онда толыққанды қызмет кешені (жанармай бекеті, техникалық қызмет көрсету станциясы, көлік жуатын орын, тұрақ, медпункт, мотель, тамақтану орны, санитарлық тораптар, душ бөлмесі, сауда-ойын сауық орталығы) болуы тиіс. С санатты орталық ең қарапайымы: тұрақ, тамақтану, санитарлық торап, бөлшек сауда нүктесі болады.
Атырау қаласының әкімі Серік ШАПКЕНОВ қазір Владимирский, Баймұханов және Тайманов көшелерін кеңейту бойынша жобалау-сметалық құжаттаманың әзірленіп жатқанын хабарлады.
– Қаламызда үлкен көлік магистральдары болуы тиіс, - деп мәлімдеді қала әкімі.
Зульфия ИСКАЛИЕВА