Атырау облысында ұйтқып соққан жел үйлердің шатырын жұлып, сынықтарын ондаған метр жерге ұшырып әкетуде.
Синоптиктер кеше ғана sms арқылы жел екпінінің жылдамдығы секундына 22 м болады деп тұрғындарға хабардар еткен болатын. ТЖ департаментіндегілер бүгін таңертең Индер ауданында ұйтқыған жел жылужайдың шатырын жұлып кеткенін, ал Исатай ауданында Хамит Ерғалиев атындағы мектеп едәуір зардап шеккенін хабарлады. Атырауда жел Смағұлов көшесі, 56 (куәгерлер камераға түсірген) мекен-жайының шатырын жұлып кетті, СМП-136 және Заболотная көшесіндегі теректер опырылды. Азаттық даңғылы, 169 мекен-жайында үлкен металл қаптама әзер тұр.
Айта кету керек, құтқарушыларға әлеуметтік желі қолданушылары көргендерін бөлісіп, белсенді көмек көрсетуде. Мәселен, Алмагүл ықшамауданында №3 үйлердің бірінің пәтерінде пластик терезе, Құлманов көшесі, 107 үйде витраж әйнегі ұшып кеткен.
Марат ТАКУЛИН