Атырау қалалық №2 сотында ҚР ҚК-нің 362-бабының 2-тармағы («Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану»), 366-бабы 3-тармағының 1-тармақшасы («Қорқытып алу жолымен пара алу») және 366-бабы 3-тармағының 4-тармақшасы («Бірнеше рет пара алу») бойынша айыпталған УГ 157/10 колониясының бұрынғы аға уәкілі Амангелді ҒҰБАЙДУЛЛИННІҢ ісі бойынша сот процесі өтуде.
Айыптау қорытындысына сүйенсек, 2016 жылдың мамырында Ғұбайдуллин екі сотталушыны мекемеден тысқары заңсыз шығарып, Теңдік поселкесінің маңындағы зиратқа апарып, өз әріптесінің өлі туған шаранасын жерлеуге мәжбүрлеген.
2012 жылы Атырауда жергілікті тұрғын Еркін ОРЫНБАСАРОВТЫ тоғыз жылға соттаған болатын. Жаза мерзімінің бір бөлігін ол Ақтөбе облысында өтеген, содан кейін УГ 157/10 мекемесіне ауыстырылған. Бұл жерде, тергеу жорамалы бойынша, оған Ғұбайдуллин сол кезде Орынбасаров үшін салыстырмалы түрде жеңіл болатын жаза мерзімін өтеу шартын барынша қиындатамын деп қоқан-лоқы жасап, психологиялық қысым көрсете бастаған. Ал 2016 жылдың 21 шілдесінде офицер Орынбасаровқа 23 шілдеде ұжыммен бірге Алмалы ауылының маңындағы демалыс аймағына шығатындығын айтып, 30 мың теңге көлеміндегі киіз үйді жалға алу ақысын төлеуді талап еткен. Орынбасаров келісуге мәжбүр болып, 22 шілдеде оның жұбайы басқарған «Лада-Гранта» көлігімен демалыс аймағына барып, оның қожайынына киіз үйдің ақшасын берген.
Айыптау тарапы, сондай-ақ, 2016 жылдың 8 қыркүйегінде сағат 20-да Ғұбайдуллиннің Орынбасаровқа ұялы телефон арқылы хабарласып, облыстық балалар ауруханасының жанында кездесуге келіскендігін растайды. Сол жерге өзінің «Киа Рио» көлігімен келіп, Орынбасаровтан 100 мың теңге талап еткен. Орынбасаров өзінде ондай ақша жоқ екенін айтады. Аға жедел уәкіл ең болмағанда осы соманың жартысын тауып бер дейді. Орынбасаров таныстарынан сұрап, тауып беруге тырысатынын айтады. Сөйтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне (қаржы полициясы) шағымданады.
9 қыркүйекте сағат 16.30-да Ғұбайдуллин Досмұхамбетов көшесінің бойындағы «Иверия» дүкенінің маңында Орынбасаровпен кездесіп, одан қаржы полициясы таңбалаған 50 мың теңгені алып, кетіп қалады. Біраз уақыттан кейін Владимирский көшесінің бойындағы №1 мектеп-интернаттың жанында оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің қызметкерлері тоқтатып, өздерін таныстырып, көліктен шығуды талап етеді.
Алайда, Ғұбайдуллин есіктерді кілттеп тастап, ақша салынған қол сөмке мен сіріңкені артқы орындыққа лақтырып, сол жерде отырған әріптесіне банкноттарды өртеуді өтінеді. Әріптесі орындайды.
Оқиға орнын тексеру барысында «Киа Рио» салонының артқы бөлігінен өртелген ақша купюраларының қалдықтары табылып, тәркіленген.
29 наурызда өткен кезекті сот отырысында судья Айгүл ТАШЕНОВА қылмыстық іске біріктірілген дәлелдерді санамалап шықты. Алайда, мемлекеттік айыптаушы Қуаныш ШУНКЕНОВ аяқ астынан сөз алып, айыптау тармақтарының бәрі бірдей жеткілікті дәлелденбегенін мәлімдеп, тек «Қорқытып алу жолымен пара алу» тармағын ғана қалдыруды өтінді.
Бір қызығы, тергеу жорамалы бойынша, сотталушы Орынбасаровтан қорқытып ақша ала бастағанға дейін жарты жыл бұрын ол қоныс-колониядағы қорқытып пара алу туралы істе зардап шегуші ретінде бой көрсеткен. Сотта сол кездегі УГ 157/10 бастығы Ренат МЕҢДІҒАЛИЕВТІҢ қамқорлық жасау үшін сотталушы Орынбасаровтан 190 мың теңгені қорқытып алғаны дәлелденді. Сот сол кезде Меңдіғалиевті 11,4 млн теңге айыппұл жазасына кескен болатын. Келесі сот отырысы 31 наурызға белгіленді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Марат ТАКУЛИН